Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

NIS ұстаздары «Тіректі мектептер» республикалық жобасы аясында ауыл мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетті

Қызылордадағы Зияткерлік мектеп ұстаздары Аралдағы тірек мектеп мұғалімдеріне тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды Paryz.kz.

NIS ұстаздары «Тіректі мектептер» республикалық жобасы аясында ауыл мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетті
Фото: НЗМ Қызылорда

«Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық әлеуметтік жобасы аясында өңірдегі NIS-тің педагогикалық ұжымы Аралдағы Жарасқан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейіне әдістемелік қолдауды жалғастыруда. Бұл жолы зияткерлік мектептің бір топ педагогтері аралдық әріптестерінің сабақтарына қатысу  арқылы  білім беру үдерісін бақылап, дамыту бойынша кеңестерін берді.

Мұғалімдердің оқыту ерекшеліктерін саралап, тиімді және тиімсіз тұстарын бірге анықтады. Сондай-ақ сабақты түрлендіру, белсенді әдіс-тәсілдерді пайдалану бойынша қиындықтарын байқап, шешу жолдарын ұсынды. 

Күннің екінші жартысында аралдық пән мұғалімдері «Заманауи оқыту әдістерін қолдану арқылы сабақты жоспарлау», «Оқушыларды стартап және ғылыми жобаға дайындау», «Эссе құрылымына талдау жасау», «Критериалды бағалау және апробация үдерісі», «Бағалау түрлері мен оның оқытудағы маңызы», «STEAM оқыту технологиясын тиімді қолдану», «Сабақ барысында проблемалық оқыту әдістері арқылы оқушылардың тұжырымдау және бағалау дағдыларын дамыту»,  «Іс-әрекетті зерттеу мен сабақты зерттеу» тақырыптары бойынша тренингтерге қатысып, кәсіби біліктіліктерін арттырды. Ал мектеп директорының орынбасарлары мұғалім сабағына сындарлы кері байланыс беру бағытында тәжірибе алмасып, практикалық білім алды. Мектеп кітапханашысына кітапхананың ақпараттық білім беру ортасын құру және іске асыру бойынша әдістемелік кеңестер берілсе, сынып жетекшілері зияткерлік мектепте тәрбие беру үдерін ұйымдастыру, тәрбие жобаларының түрлері мен оларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы  жан-жақты мағлұмат алды.

«Барлық ұстаздарға зерттеу жұмысын қалай және не үшін жүргізу керектігі туралы пікірлестік. Зерттеудің сатылары, әр сатыдағы іс-қимылдар, олардың маңыздылығы практика жүзінде көрсетілді. Мұғалімдер топқа бөлініп өз сыныптарындағы проблемаларды анықтап, оларға зерттеу сұрағын құрып, шешуге арналған сабақ жоспарының жобаларын жасады»,  – деп бөлісті NIS-тің ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақбота Мамадияр.

Ауыл педагогтеріне  әдістемелік қолдау көрсету мақсатында NIS ұжымы  тірек мектебінің  білім беру үдерісіне талдау жүргізіп, мұғалімдердің кәсіби қиындықтары мен педагогикалық қажеттіліктерін анықтады. Соның нәтижесінде Арал мұғалімдері өңірдегі Зияткерлік мектебінде тағылымдамадан өтіп,  біліктіліктерін арттыру  курстарында тәжірибелік қоржындарын тың идеялармен толықтырды.

– Тірек мектептерге әдістемелік қолдау көрсету жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырамыз. Сәуірдің алғашқы онкүндігінде мұғалімдеріміз ауыл педагогтерімен бірлескен сабақтар жүргізіп, олимпиада мен ғылыми-зерттеушілік жобаларға дайындау бағытында семинар-тренингтер өткізетін болады. Сондай-ақ, сабақты жоспарлау, оқушыларды бағалау  бойынша тәжірибе алмасу жүргізіліп, заманауи зертханаларда жұмыс жасау бойынша кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып, сапалы оқу үдерісін ұйымдастыруға  қажетті қолдау көрсетіледі, – деп бөлісті Зияткерлік мектеп директоры Жаңбыржан Бекболатов.

Жоспарға сәйкес биылғы жылы еліміз бойынша 17 ауылдық тірек мектеп жаңарады. Мақсаты – қала мен ауыл арасында білім сапасыныңм айырмашылығын азайту.