Прямая трансляция

Астана

Астана

-3.03°C

Сыбайлас жемқорлардан алынған қаржы 72 жаңа мектептің құрылысына жұмсалмақ

ҚР Үкіметі сыбайлас жемқорлардан сот арқылы алынып, мемлекетке өткен ақшалай қаражатты мектептердің құрылысына беру тетігін бекітті. Тиісті түзетулер енгізілген қаулыға  ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.   

Сыбайлас жемқорлардан алынған қаржы 72 жаңа мектептің құрылысына жұмсалмақ
Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында жемқорлардан алынған қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағыттауды тапсырған болатын.

«Жалпы, мектеп салу Үкімет пен әкімдіктер үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс», — деді ҚР Президенті.

Бүгінгі таңда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд теңге түсті. Сонымен қатар ел басшылығының тапсырмасы бойынша Республикалық бюджет комиссиясы 106,7 млрд теңгені құрайтын 72 жобаны қолдады. Атап айтқанда, 94,1 млрд теңге 85 мың орындық 69 мектептің құрылысын аяқтауға және тағы 12,6 млрд теңге 3 жаңа нысанның (екі ауысымда 1400 орынға арналған 2 мектеп және 200 орындық мектеп-интернат) құрылысын аяқтауға бағытталады.

Осылайша, бұл механизм үш ауысымды оқыту, апатты мектептер мен оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге айтарлықтай үлес қосады.