Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

«Назарбаев кланы ұрлаған қаражатты жасыруға көмектесіп жатқандар бар» – Ермұрат Бапи

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кланы ұрлаған миллиардтаған қаржыны тығуға көмектесіп жатқандар бар сияқты. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи айтты.

«Назарбаев кланы ұрлаған қаражатты жасыруға көмектесіп жатқандар бар» – Ермұрат Бапи
Фото: orda.kz

Депутат сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

- Олигархиялық кланды биліктен түпкілікті кетіруді, ұрланған байлықты қайтаруды және экономиканы ел мен халықтың әлеуметтік қажеттілігіне қызмет етуге жұмылдыруды талап еткен Қаңтар оқиғасы ескі биліктің зардабынан пайда болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғам мен билік арасында жаңа қарым-қатынас орнату әрекеті олардың мүдделеріне сай келмеді.

Міне, сондықтан да активтерді қайтару және оны халыққа табыстау – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе. Ел-жұрт активтерді қайтару процесінде биліктен жылдам, әрі батыл қадамдар күтіп отыр.

Осы орайда президенттің пәрменімен арнайы комиссияның құрылуы және активтерді қайтару туралы арнайы заң шығатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың уәдесі ел азаматтарына біраз сенім ұялатты, - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Ермұрат Бапидің айтуынша, құрылған комиссия тарапынан ешбір нақты әрекет байқалмайды.

- Егер бірен-сараң бірдеңе істеліп жатса, бұл бізден, қоғамдағы азаматтардан құпия түрде өтіп жатыр. Депутат ретінде құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ескерту жасағым келеді: сіздер «ескі Қазақстанды» билеген әулет пен оның жақындары бақылаған кеден бекеттерінде арнайы астыртын салық режимін қамтамасыз еттіңіздер! Енді бұлай болмайды. Біз халықтың көмегімен сіздерді жіті бақылайтын боламыз!

Бұл мәселеде біз президенттің бастамасымен одақтаспыз немесе бұл істе президент бізге – депутаттарға толықтай арқа сүйей алады!

Дегенмен, ескі кадрлардың саботажы ма, жоқ әлде ұлттық-экономикалық мүддеге қарсы жасалып отырған қастандық па – капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп, - деді Ермұрат Бапи.

Сондай-ақ депутат жуырда сотталған Қайрат Боранбаевқа да тоқталды.

- Мәселен Латвия құқық қорғау органдары Қазақстанның жекелеген азаматтары салықтан жалтарды және Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер есебінен Прибалтика аумағында мүлік сатып алуда деген күдік келтіріп отыр.

Бұл сөз Қайрат Боранбаев тұрғысында болып отыр. Дей тұрғанмен, Боранбаев мырза жуырда жеңіл-желпі баптармен сотталды, бірақ оған қатысты өте ірі істер қалтарыс қалды. Тиісті органдар Боранбаевтың Латвия мен Еуропа елдеріндегі қызметін, оның отбасы мен компанияларына жазылған активтерді неге тексермеді? Қайрат Боранбаевтың келіншегі өз атына жазылған бизнес-ұшақты сатып жібергені сіздерге белгілі ме? Сарапшылардың айтуынша, бұл ұшақтың нарықтағы құны 30 миллион долларға дейін бағаланады. Ол әйел мұндай сомадағы ақшаға қалай ие болуы мүмкін? Қазақсанның тиісті органдары осы сауда-саттықты біле тұра, ұшақтың қандай қаржыға сатып алынғанын анықтағанға дейін, бұл активті «мұздатып» қоюға неге әрекет жасамады?

Мен бұл арада бір Боранбаевты мысалға алып, жалпы активтерді қайтару мәселесіндегі түсініксіз жағдаяттарды айтып отырмын, - деді депутат.

Ермұрат Бапидің айтуынша, Jusan bank иелері Қазақстаннан шығарған ірі көлемдегі қаражат Батыс елдерінің бірінде «мұздатылғанын» білдік.

«Үкімет не істемек, тиісті тергеу органдарын жұмылдырып, Jusan bank олжалаған ақшаның ізіне түсе ме, жоқ әлде тағы да көзжұмбайлыққа салына ма? Бас прокуратура мен, атап айтқанда, комиссия төрағасының орынбасары Ұлан Байжанов мырза бұл процесті бақылауға ала ма? Бұл сұрақтарды нақтылап отырған себебім – ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бүгінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді.  

Біз ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабылдауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз капиталды қайтаруды неғұрлым тиімдірек бақылауға аламыз», - деді ол.

Депутат премьер-министрден төмендегі сұрақтарға жауап беруді сұрады.

Әлихан Асханұлы, сіз үкімет басына жаңадан келген басшы емессіз, бұған дейінгі министрлер кабинетін басқардыңыз. Ендеше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурызға дейін дайын болсын деп Үкіметке тапсырған заң жобасын дайындау ісі созылып кеткенін сіз қалай түсіндіресіз?, - деді Ермұрат Бапи.

Депутат ұрланған миллиардтар туралы сөз болғанда, сұрақ көп екенін жеткізді:

  • «Қазақмыс» компаниясы қазақ халқына тиесілі қазба байлықтың 30%- қалай ие болды?
  • Құрамында Назарбаев кланының үлесі бар «Еуразиялық топ» халық байлығының 40%-ын қалай иемденіп кетті? Осы екі компания соңғы 10 жылда қазынаға қанша салық төледі?
  • Осы кәсіпорындардың өндірістік-қаржылық қызметін қадағалауға тиіс «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры капиталды қайтару тақырыбында қандай әрекеттер жасап жатыр?