Дау әділ шешілмесе, Ұлттық киноны қолдау орталығы Ұлттық киноны қорлау орталығына айналып кете бере ме?
Бұл сұрақты үкіметке бүгін ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса қойды.
Ол ҚР вице-премьері А.Көлгіновке, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Ораловқа депутаттық сауалын жолдады.
Елімізде шыққан шу енді қара алтынымыз мұнайдан емес, саф алтынымыз рухани өнер саласынан шықты… ҚР Мәдениет министрлігінің Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында дау болып жатыр! Кино орталығынан шыққан бұл “киноңыз” небір детективті фильмдерді жолда қалдырады. Өйткені, Ұлттық киноны қолдау орталығы 2023 жылғы мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер 153 киножобаны конкурстық іріктеуге қатыстырмай тастады. Барлығы 283 жобадан қабылдағаны тек 130-ы ғана. Сонда жобалардың жартысынан астамын далада қалдырып отыр.
Бұл бұрын-соңды болмаған эксцесс! Бұған дейінгі жылдарда (2019-2022жж.) Орталыққа келіп түскен киножобалардың бар болғаны 1-5% пайызы ғана қабылданбаса, биыл ол он еседен де асып кетіп, 60 пайызға жуық болды!?.
Яғни, 153 үміткер киножобаларды іріктейтін Сарапшылар кеңесіне жете алмай, әділ бағасын ала алмай жолда қалып отыр. Батыраштың балтасына ұшыраған бір емес, мұншама 153 жоба жолы болып, өндіріске жіберілер болса, әрқайсысында кемінде 30-60 адам жұмыспен қамтылатынын ескерсек, бұл 10 мыңға жуық адамның тағдыры. Ерекше назар аударатынымыз, бұл далада қалған жүздеген жобалар ішінде былтыр Сарапшылар кеңесі “Ең үздік сценарий” деп бір ауыздан бағалаған режиссер Азамат Шарғынның “Шырмауық” фильміндей жобалар да бар.
Егер Мәдениет министрлігі дауды тезірек шешіп, әділеттілік орнатпаса, Ұлттық киноны қолдау орталығы Ұлттық киноны қорлау орталығына айналып кете бере ме? Бұл Мәдениетті қолдауға баса назар аударып отырған ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Әділетті Қазақстан саясатына қарсы жасалып отырған саботаж емес пе?!. Өйткені, қай киножобаның деңгейі қандай екеніне бағаны Орталықтағы құжат қабылдайтындар емес, білікті кәсіби мамандардан құралған салмақты Сарапшылар кеңесі беруі керек.
Парламенттегі бір топ депутаттарға келген, 50 шақты киногерлер қол қойған бұл арызға қарасақ, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдан жасап отырған кедергі-кемшіліктері аз емес.
1.Кино орталығы өздері шығарып алған ішкі ережесін аяқ астынан өзгертіп тастап, ҚР үш бірдей заңын бұзып отыр – “Бәсекелестік туралы” заң, «Кино туралы заң» және “Тіл туралы” заң;
Егер Кино орталығы секілді әркім өз білгенін істеп, өзіне қолайлы ережесін жасап алып, заңымызды белден баса берсе, онда Парламент не үшін бұл жерде заң шығарып отыр?!.
2. Хаттама (протокол) жүргізілмеген. Орталықтың жауапты қызметкерлері жауапсыздық танытып, іріктеу бойынша ешқандай хаттама жасамаған. Бұл өрескел заң бұзушылық және кері қайтарылған 153 жобаның әділ шеттетілгеніне күмән туғызады.
Олардың хабарламаларында қателіктер де көп. Ережелердің баптары сәйкес емес немесе фильмдердің түрлерін шатастырып жіберген. Мысалы, көркемсуретті фильмді "анимациялық" фильммен шатастырған. Уақытында тапсырылған және тіркеу журналда тіркелген жобаның иесіне "сіздердің жобаңыз қабылдау мерзімінен кейін түсті" деп жалған жауап жазылған.
3. Ресми хатта жазылғандай, Киноны қолдау орталығында – бірде-бір кино саласының маманы жоқ. Бұл «ауруханада бір де бір дәрігер жоқ» дегенмен бірдей сұмдық жағдай емес пе?! Сонда біз Ұлттық киномыздың тағдырын кімдердің қолдарына тапсырып отырмыз?!.
Көптеген киноларымыздың ұлттық рухани қуаты әлсіз, шалажансар болып, шала тілде шығатыны да сондықтан болар…
Яғни, Киноөндірісте кәсіби біліктілігі жоқ мамандар жұмыс істейді. Соның негізінде қателіктер мен түсініспеушілік жиі орын алады дейді арызданушылар.
4. Орталықта мемлекеттік қазақ тілінде ақпарат бере алатын, қызмет көрсете алатын мамандар мүлдем жоқ дейді арызданушылар. Қабылданбаған 153 жобаның басым бөлігі қазақ тілінде. Мысалы, орталықтың қазақша білмейтін маманы мемлекеттік тілде сапалы кеңес бере ала ма? Бұл нағыз тілдік дискриминацияның айқын көрінісі емес пе?
5.Ашық қорғауға өткен 130 жобаның ішінде, жұртқа мәлім болғандай 10-шақты жобаның құжаты тура өтпей қалған жобалардың құжатындай толтырылған болса да, қабылданған. Бұл дегеніміз, жобалардың қабылдануы тамыр-таныстық, бармақ басты, көз қыстымен, алдын-ала келіскен жүйеде өтті деуге негіз бар дейді хатта.
6.Құжат қабылдау кезеңінде ішкі ведомствоаралық ережелерді өзгерту туралы бұйрық 10 наурызда (10.03.2023ж. №71 бұйрық) қабылданған. Ал құжаттар қабылдау 6 наурызда басталып кеткен. Сонда ережедегі өзгеріс құжат қабылдау басталып кеткесін 5 күннен кейін жасалып отыр.
Соның өзінде Орталық бұл туралы еш жерде ресми түрде хабарламаған. Тиісті тәртіпке сәйкес ереже өзгерістері құжаттарды қабылдау күніне дейін болуы қажет. Осы жаңа ережедегі өзгеріс құжаттарды кері қайтаруға бірден-бір себеп болып отыр.
Жоғарыда келтірген дәйектер негізінде қоғамда резонанс тудырып отырған бұл қиын жағдайдан шығудың жолдарын ұсынамыз:
1. Тәуелсіз комиссия құрылып, Орталық өткізген іріктеу нәтижесі бойынша қабылданған 130 жоба мен қабылданбаған 153 жобаның құжаттарына тексеріс жүргізілуі тиіс. Тексеру нәтижесі бойынша әділетсіздікке ұшыраған киножобаларды конкурсқа қатыстыру қажет.
2. Келешекте мұндай келеңсіз жағдай мен қарама-қайшылықтар болмас үшін, конкурсқа іріктеудің біркелкі ашық жүйесі жасалуы керек.
Үміткерлерді іріктеу ережесі мен қағидаларына ұсыныстарды жазбаша жібереміз.