Бүгін Парламенттің отырысында Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Әбенов Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады.
Экономиканың дамуы энергетикаға тәуелді. Халықтың жайлы өмір сүруі де осы саланың тұрақтылығына тікелей байланысты. Өкінішке қарай, энергетика саласы сындарлы кезеңді бастан кешіріп жатыр. Жаңбыр жауса, жел тұрса, жарық жалп етіп сөнетіні халықтың наразылығын тудыруда. Энергия көзі бір сәт тоқтап қалса, қаншама жұмыс тұрып қалады, газ да, су да, жылу да болмайды. Бұл саладағы қордаланған мәселелер неге апарып соқтыратынын Екібастұз, Риддер, Петропавл, Степногорск қалаларындағы апаттар көрсетті.
Мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты әрі маңызды міндеттердің бірі екенін айтты. Тозған энергетика инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту ел экономикасының басым бағыты.
Осы орайда, Үкімет бұл салада қалыптасқан күрмеулі мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды және жүйелі тәсіл қажет деп есептейміз.
1. Қазақстанда жылу электр орталықтарының жұмыс істеп тұрғанына 40-50 жылдан асқан. Энергетикалық жабдықтар мен активтердің тозу деңгейі 65%-ға жеткен. Елімізде 37 ЖЭО болса, оның 19-ы қызыл аймақта (апаттық жағдайда). 11-і сары аймаққа кірген. Яғни, жаңадан 30 ЖЭО салу қажеттігі туындап отыр. Республикада алғаш болып Қызылорда облысы түріктің «Акса Энерджи» компаниясымен бірлесіп, заманауи жылу беру электр орталығының құрылысын (215 млрд тг) сәтті бастады. Өзге өңірлерде осындай жобаларды іске асыру қажет және жылу электр орталықтарының инвестициялық тартымдылығын арттыру, әлеуетті инвесторлармен келіссөздерді жүргізуді жандандыру керек.
2. Елімізде электр желілерінің 66%-і, жылу желілерінің 54%-і тозған, ал Екібастұз қаласында 92%, Арқалық, Риддер, Шемонаиха сияқты қалаларда желілер толығымен тозған. Атап айтқанда, еліміздегі ұзындығы шамамен
14 мың шақырымды құрайтын жылу желілерінің 54%-нің тозығы жеткен. Соның ішінде 2 мың шақырым жеке меншіктегі желілердің тозу деңгейі 77% болып отыр.
Бұл мәселелерді шешу қомақты қаражатты талап етеді. Алдын ала есеп бойынша, жылу желілерінің тозу деңгейін 100%-тен 50%-ке дейін түсіру үшін 1,8 трлн теңге жұмсалады. Сондықтан, Үкімет қажетті қаржы ресурсын табудың және қалыптстырудың жүйелі жоспарын құру қажет.
3. Электр энергиясы энергия өндіруші станциялардан делдалдардың қызметі мен желілері арқылы тұтынушыларға жететіндіктен, тарифтің қымбаттауына әсер етуде. Халықтың толассыз арыз-шағымына қарамастан, негізгі энергия қуатын беретін компаниялар делдалдармен жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Алдағы уақытта энергетика саласына салынатын инвестициялардың өтемділігін тарифтерді ұлғайту есебінен қамтамасыз ету қарастырылса, тариф құны еселенуі мүмкін. Сол себепті, Үкімет делдалдардың қызметіне тосқауыл қоюдың тетіктерін алдын ала іске қосуы керек", - делінген сауалда.