Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов «Атыраудың тек донор аймақ ретінде қаралып, облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбеуі – Атырау халқына жасалған әділетсіздік деп есептейтінін» мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
«Бүгінде, Атырау экологиясы апаттық жағдайда болуына байланысты халықтың өмір сүру сапасы жақсартуды қажет етеді. Облыстағы экологиялық ахуал – республикалық деңгейдегі проблемаға айналғанымен халықтың жан-айқайын еститін министрлік те, Үкімет те жоқ. Жыл сайын өңірде онкологиялық аурулар белең алып, мүмкіндігі шектеулі, туабітті науқас балалар саны артып отыр. Ашынған атыраулықтар бейбіт митингке шығып, облыстағы жер қойнауын пайдаланушылар мен Үкіметке нақты талаптарын қойды. Түптеп келгенде, Атырау халқы таза ауаға зәру», - дейді ол.
Оның айтуынша, ғасырдан астам мұнай өндірілетін Атырауға қарап, мұнайлы астана деп айтудың өзі қиын. Депутат Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде Атыраудың тек донор аймақ ретінде қаралып, облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбеуі – Атырау халқына жасалған әділетсіздік деп есептейді.
«Бүкіл елді мұнайымен асырап, тұтас елдің кем-кетігін жамап отырған Атыраудың халқы бір күнде ұйқыдан оянбай қалуы мүмкін. Сондықтан да, атыраулықтардың экологияға қатысты талаптары орынды, сұраулары заңды», - дейді ол.
Әділ Жұбанов Атыраудың экологиясын жақсартуды Үкімет деңгейінде шешу үшін төмендегідей ұсыныстарды жолдады:
БІРІНШІ ҰСЫНЫС. Үкімет жауапты министрліктермен бірлесіп, Атырау облысын экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, экологиялық коэффициент, жеңілдіктер мен өтемақылар төлеу жүйесін енгізуі қажет.
ЕКІНШІ ҰСЫНЫС. Атырау қаласы атмосферасының өндірістік объектілермен, әсіресе Атырау мұнай өңдеу зауытымен ластануы қауіпті деңгейге жетті. 2021 жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясымен зауытта «Tazalyq» жобасы қабылданған болатын, алайда, зауыттың кәріздік суларын биологиялық тазарту қондырғыларын жаңғырту жұмыстары жүргізілмей отыр. Сонымен қатар, кәсіпорында қоршаған ортаға әсер ету қаупі жоғары 30-дан астам технологиялық қондырғылар бар, суды қайталама пайдалану технологиясы қарастырылмаған, бұл өз кезегінде ағынды суларды булану өрістеріне (жер асты суларының ластануы) ағызуға әкеледі. Осыған байланысты, ҚазМұнайГазға Атырау мұнай өңдеу зауытында технологиялық аудит жүргізіп, зауытта толықтай экологиялық жаңғырту жұмыстарын аяқтау, қоршаған ортаға теріс әсерді жоюды міндеттеу қажет. Немесе зауытты қаладан көшіру мәселесі қарастырылсын.
Сондай-ақ, Атырау мұнай өңдеу зауытының өнеркәсіп объектілерінен 1000 метрге жетпейтін қашықтықта тұрғын үйлер орналасқан. «ГеоПортал» ақпараттық жүйесіне сәйкес, бүгінде зауыттың санитарлық қорғау аймағында 40-тан астам тұрғын үй қалып отыр. Бұл аталған тұрғын үй иелері зауыттың иісімен уланып, денсаулықтарына зиян келгенін алға тартып, наразылық акцияларын ұйымдастыруда. Осыған байланысты, ҚазМұнайГаз зауыттың санитарлық-қорғау аймағының шекарасын қайта белгілеу және аталған тұрғын үйлерді көшіру мәселесін шұғыл шешуі қажет.
ҮШІНШІ ҰСЫНЫС. Атырау облысы бойынша І санатты кәсіпорындардың атмосфераға шығарындыларының шекті көрсетілген көлемдерін қайта қарап, екі есе төмендету қажет.
Қазба байлықты игеріп жатқан компанияларды жаңа технологияларды енгізуге ынталандыратын заң нормалары енгізілуі тиіс.
ТӨРТІНШІ ҰСЫНЫС. Атырау облысындағы экологиялық ахуалды жақсарту бағытында бірқатар қоршаған ортаны қорғау жобаларын жүзеге асыру қажет. Олар: Атырау қаласында кәріздік суларды тазарту қондырғыларын салу және қайта жаңғырту, қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын және қоқысты қайта өңдеу кешендерін салу жобалары.