Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Жұрт бар тапқанын азық-түлікке жұмсайды»: Инфляцияны тежей алмаған шенеуніктер сынға ілікті

Қазақстанда инфляция соңғы 15 жылда болмаған деңгейге жетті. Ақпан айында оның көрсеткіші 21,3 пайыз болды. Бұл туралы үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

«Жұрт бар тапқанын азық-түлікке жұмсайды»: Инфляцияны тежей алмаған шенеуніктер сынға ілікті
Коллаж: Ulysmedia.kz

“Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады”, – деді мемлекет басшысы.

Президент ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқтығын айтты.

“Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз”, – деді Тоқаев.

Президент инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатқанына алаңдаулы.

«Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса, тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал. Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады», – деді мемлекет басшысы.