Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Абзал Құспан екі ұлы бірдей сотталған депутатты мандатынан айыруға қатысты ойын айтты

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлына сот үкімі шыққаннан кейін әлеуметтік желіде оны депутаттық мандатынан айыру туралы айтыла бастады. Депутат әрі заңгер Абзал Құспан құқықтық тұрғыдан бұған негіз жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

Абзал Құспан екі ұлы бірдей сотталған депутатты мандатынан айыруға қатысты ойын айтты
фото: tengrinews.kz

МАНДАТЫНАН АЙЫРУҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗ ЖОҚ

«Қолданыстағы заңнамада кәмелет жасына толған баланың әрекеті үшін, тіпті қылмыстық әрекеті үшін әкесі немесе анасы жауап беруі керек деген жауапкершілік қарастырылмаған. Кәмелетке толған әр азамат өз әрекеті үшін өзі ғана жауап береді. Әлеуметтік желіде моральдық жауапкершілік туралы мәселе көтерілді. Ал ол әр адамның жағдайды қалай қабылдайтынына байланысты», - дейді депутат Абзал Құспан.

Депутаттың айтуынша, қоғамда қалыптасқан моральдық норма жоқ.

Бір адам үшін бұл моральдық тұрғыдан депутаттық немесе басқа қызметтен кетуге негіз болады. Енді бірі сонда да елге қызмет етемін деп, қызметінде қалады. Қазақстан қоғамында қалыптасқан моральдық құндылықтар,  моральдық норма жоқ. Ал заң жағынан депуаттық мандатынан айыруға ешқандай негіз жоқ, - дейді депутат.

Абзал Құспан Жигули Дайрабаев мүше саяси партияда мандатынан айыру-айырмау мәселесі қаралып жатқанынан хабары жоқ екенін жеткізді.

«Заң жүзінде мұндай бастама (депуаттық мандатынан айыру – авт.) көтеруге де негіз жоқ. «Ауыл» партиясының моральдық тұрғыда бекітілген нормалары болса ғана бұл мәселені көтере алады. Қоғам шулап жатыр, әлеуметтік желіде жазып жатыр деп мұндай мәселе көтереді деп ойламаймын», - деді депутат Абзал Құспан.

Ал депутат Ерболат Сатыбалдин Жигули Дайрабаевтың екі ұлына қатысты іс біраз уақыттан бері айтылып келе жатқанын еске салды.

«Бұл әңгіме кеше-бүгін шыққан жоқ. Жигули Дайрабаев президенттікке үміткер болған кезде қозғалды. Ол кісіні елге атқарған азды-көпті жұмыстары бар. Бұл кісіге сайлауға түсуге рұқсат берген болса, халық сайлап алған болса, депутаттығын әрі қарай жалғастыра береді деп ойлаймын. (...) Бұл жерде «балаларына қандай тәрбие берді?» деген мәселе бар. Бірақ баланың кәмелетке толғаннан кейін атқаратын жұмысы, араласатын ортасы болады. Сондықтан Жигули Дайрабаев балаларының ісіне жауап бермейді», - деді Ерболат Сатыбалдин.

ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Заңға сәйкес, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша депутаттың мандатын кері қайтарып алуға сайлаушылардың сенімін жоғалту, оның ішінде сайлау алды бағдарламасын орындамауға байланысты сенімді жоғалту негіз бола алады.

Ал Жигули Дайрабаев «Ауыл» партиясы атынан партиялық тізім бойынша депутат болды. «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңның 24-бабына сәйкес, партиялық тізім бойынша сайланған парламент мәжілісі депутатының өкілеті саяси партия басшы органының шешімімен кері шақырылып алынған жағдайда тоқтатылады.

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ҚАНДАЙ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙДЫ?

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Анас Баққожаевтың айтуынша, Жигули Дайрабаев депутаттық мандатын тапсырмайды.

Баққожаев фракцияның Дайрабаевқа ешқандай мін таға алмайтынын айтты.

Біріншіден, қылмыстық іс оның (Жигули Дайрабаевтың – авт.) жеке басына қатысты айтылмаған. Екіншіден, оның ұлдары – ересек азаматтар. Олар өз істеріне өздері жауап беруі керек. Олар ауыл шаруашылығымен өмір бойы айналысып келе жатыр. Тәуекелдің барын біледі. Өздерін қорғап, өздері жауапты болуы керек, - деді Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Анас Баққожаев.

ДАЙРАБАЕТЫҢ ЕКІ ҰЛЫ СОТТАЛДЫ

2023 жылдың 6 сәуірінде Тараз қаласының №2 соты алаяқтық, яғни адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша айыпталған 4 тұлғаға үкім шығарды. Оның ішінде мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың екі ұлы бар.

Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалықтың мүлкі тәркіленіп, екеуі де 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оларға пробациялық бақылау қойылады.

Ал Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлекеев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Кәсіпкер Елжан Елібайдың мүлкі тәркіленіп, 5 жылға сотталды.

Олар субсидиялау қағидаларын бұзып, мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде шығын келтірген.