Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Қытайдан ыдыс әкелемін деді»: маңғыстаулық әйелге алданған жұрт шу шығарды

Маңғыстау облысында ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы арзан бағада аламыз деп оңбай алданған тұрғындар шу шығарды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттіг Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

«Қытайдан ыдыс әкелемін деді»: маңғыстаулық әйелге алданған жұрт шу шығарды
Фото: видеодан скриншот

Олар миллиондаған ақшасын Нұргүл есімді әйелге санап бергенін, алайда тапсырысы 1,5 жылдан бері қолға тимегенін айтады. Тұрғындардың айтуынша, келіншек Қытай зауыттарынан тауарды арзанға алып беремін деп жұртты сендіріп келген. Енді не ақша жоқ, не тауар жоқ деген тұрғындар күнде күдікке ілінген келіншектің үйінің алдын торуылдап жүр. Талаптары – берген ақшасын қайтару.

Ал тауарды зауыттан тікелей «арзан бағада алып беремін» деп тұрғындарға уәде еткен әйелдің үйіне күн сайын «опық жедік» деген азаматтар жиналып, ақшасын кері қайтаруды талап етеді. Олардың айтуынша, Нұргүл есімді келіншек уатсап арқылы арнайы топ ашып, сол жерге тауардың суреттерін жіберіп, тапсырыс жинаған. «Алғашында тапсырысымыз уақытылы жетіп тұрған соң, біз де сеніп, басқа да адамдарға арзан тауарды ұсына бастадық» дейді тұрғындар. Осылайша, олар халықтың ақшасын жинап, Нұргүлге бергенін айтады.

Бірақ 1,5 жылдан бері не тауар жоқ, не ақша жоқ, әбден берекетіміз кетті деген жұрт шу шығарудан басқа амалдарының қалмағанын айтады.

«Тауар да жоқ, тауарға тапсырыс бермеген де. Зат алған шығар, үй, көлік алған шығар. Сол ақшасын үйді сатып, бізге қайтарсын. Себебі бізді халық жеп жатыр. Бізге ақша түсті ме, ары қарай бірден тапсырысқа жібердік. Яғни, біз ол ақшаға үй, көлік алып, қыдырып жүрген жоқпыз. Ол ақшаны біз сеніп бердік», - деп күйінеді жәбірленуші Анар Закибай.

Жұрт халықтың тауарға деп жинаған ақшасына бұл әйел өзіне дүние-мүлік сатып алған деп топшылайды. Жәбірленушілер полицияға арыз жазғандардың саны мыңнан асқан деп отыр. Ал Полиция департаментіндегілер қазір "алаяқтық бабы" бойынша іс қозғаған екен.

«Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бөлім бастығының міндетін атқарушы Айгерім Ибатуллаева.

Ал халықтың ақшасын иеленген Нұргүлдің өзінен ешқандай жауап ала алмадық дейді наразы жұрт.