Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Опера әншілері Шәмші әндерінен концерт қояды

Мәдениет саласындағы қызмет ұлт алдындағы ең маңызды қызмет. Өйткені ұлттың руханиятын мәдениетті сақтау және дамыту арқылы көрсете отырып, басқа да елдердің алдында абыройды асқақтатуға болады. Осы мақсатта Алматыда наурыздың 26-ы күні Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған «Шәмші әлемі» атты кеш өтеді. Осы кешке орай бүгін композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов баспасөз жиынын өткізді, – деп хабарлайды Paryz.kz.

Опера әншілері Шәмші әндерінен концерт қояды
Фото: ашық дереккөз

Аталған кеште композитордың әндерінен бөлек, ұлттық қорда сақталған, көпшілік біле бермейтін туындылары да көрерменге ұсынылады.

«Бұл кеш Шәмші Қалдаяқовтың 100 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Әкем 1930 жылы дүниеге келген. 2025 жылы 95 жылдығын атап өтеміз. Одан бөлек алдағы жеті жылда еліміздің әр өңірінде көптеген шаралар ұйымдастырамыз. Арнайы сахналық қойылымдар қою туралы ойларымыз да бар. Бүгінде эстрада әншілері көп насихатталады, ал опера әншілерінің жарнамасы аз. Өзім Абай қазақ ұлттық опера және балет театрында істегендіктен, осы айда өтетін кешімізде негізінен опера әншілері өнер көрсетеді деп жоспарладық. Сондықтан баршаңызды кеште күтеміз, рухани байып, сергіп қайтуларыңыз үшін барымызды саламыз», – деді Мұхтар Қалдаяқов. 

Осы орайда әңгімеге қазақ вальсінің королінің келіні Ботагөз Қалдаяқова да араласты. Айтуынша, асылдың сынығы әкесінің атында қор ашып, қыруар жұмыс атқарып жатқан көрінеді. 

«Мұхтар енді асылдың сынығы, артында қалған тұяғы қой. Әкесінің осындай мерейлі жылдарын елеусіз қалдырғысы келмейді. Мұхтар Қалдаяқовтың басшылығымен Шәмші Қалдаяқов атындағы қор құрылған. Қордың негізгі мақсаты әкеміздің артында қалған асыл мұрасын ел ішінде өшірмей, насихаттау. Сондықтан ұлы композитордың 90 жылдығынан бастап 100 жылдығына дейінгі аралықта үздіксіз насихат жұмыстарын жүргізіп, ел аралап, аймақтарға да концерттер қоюды мақсат етіп отырмыз», – деді Ботагөз Қалдаяқова. 

«Шәмші әлемі» деп аталатын концертте Абай және Астана опера театрларының әртістері мен халықаралық конкурстардың лауреаттары жанды дауыста өнер көрсетеді. Саналы ғұмырын саз әлеміне сарп еткен сазгердің артында қалдырған мұрасы көп. Кеште композитордың әндерінен бөлек, ұлттық қорда сақталған, көпшілік біле бермейтін туындылары да көрерменге ұсынылады. Жоба авторы Мұхтар Қалдаяқов Шәмші мұрасын жаңғыртып, оның өміріне қатысты деректерді қайта жандандыру басты міндетіміз дейді. 

«Опера – оңай өнер емес. Өзім де өнер академиясында ұстаздық қызмет етемін. Сонда студенттерімізге Шәмшінің кең таралмаған әндерін де жаттатып, орындатқызамыз. Сонда халық арасында 40-50 әні ғана кеңінен танымал шығар. Әйтпесе композитордың шығармашылығында әндер өте көп. Алда болатын «Шәмші әлемі» атты кеште осындай ел арасында кеңінен танылмаған, тасада қалған ғажап әндермен де таныса аласыздар. Мұның өзі үлкен еңбек», – деп атап өтті опера әншісі Венера Алпысбаева. 

Айта кетейік, халықтың сүйіктісіне айналған Шәмші әндерін Абай атындағы Опера және балет театрының жетекші солисттері мен халықаралық байқаулардың жеңімпаздары Балуан Беркенов, Айдос Жабағин, Төлеген Рахимбаев, Тахауи Рахметов, Дархан Жолдыбаев, Надия Наденова, Болат Бөкенов, Гүлзат Даурбаева, Расул Жармағамбетов, Фархат Кубиев, Мадина Ерланова, Оксана Давыденко, Дамир Садуахасов, Анна Садуахасова т.б. орындайды. Сондай-ақ, «Голос» жеңімпаздары Диана Шарапова, Айгүл Қосанова да бар.

Естеріңізге сала кетейік, королі Шәмші Қалдаяқовты еске алуға арналған «Шәмші әлемі» атты Алматы қаласы, Республика сарайында 26 наурызда өтеді деп жоспарланған. Кештің бас дирижері – Мұхтар Қалдаяқов. Аталған кеште композитордың әндерінен бөлек, ұлттық қорда сақталған, көпшілік біле бермейтін туындылары да көрерменге ұсынылатынын атап өткіміз келеді.