Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

«Президенттен қызметімнен босатуын сұрадым»: экс-министр Біртанов сұқбат берді (ВИДЕО)

2020 жылы үстінен қылмыстық іс қозғалып, екі жылдан кейін сотталған Елжан Біртанов денсаулығына байланысты қызметінен босатылған. Алайда коронавирус жұқтырғаннан кейін министрліктер бірден жаңа лауазым енгізіліп, Алексей Цой министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған. Бұл туралы бұрынғы денсаулық сақтау министрі Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Президенттен қызметімнен босатуын сұрадым»: экс-министр Біртанов сұқбат берді (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Елжан Біртанов министр қызметінен босатылғаны, өзіне және орынбасары болған Олжас Әбішевке қатысты қылмыстық іс пен сот үкіміне қатысты ойын айтты.

«Коронавирус жұқтырып, ауруханада жаттым. Елімізде төтенше жағдай болғандықтан, Үкіметке офлайн жұмыс істейтін министр қажет болды. Сол кездегі премьер-министр Асқар Мамин телефон арқылы «Елжан, сен ауруханада жатсың, не болатынын ешкім білмейді. Тірі қаласың ба? Қашан шығатыныңды біз білмейміз» деп айтты. Үкіметтің сол кездегі міндеті – коронавирусқа қатысты жағдайды реттеу. Толық жұмыс істейтін министр керек дегеннен кейін бәрін түсіндім», - дейді Елжан Біртанов министр қызметінен босатылғаны туралы.

Айтуынша, Біртанов елдегі медицина саласын, халықтың денсаулығын ойлап, премьер-министрдің ұсынысын қолдаған.

Президентке тікелей хат жазып, қызметтен босатуын сұрадым, - дейді Біртанов.

Сондай-ақ Алексей Цойды министр ретінде тағайындалғанына да қатысты пікір білдірді.

«Пандемия басталған кезде Алексей Цой президент іс басқармасы медицина орталығын басқарып жүрді. Ол – денсаулық сақтау министрлігіне бағынбайтын бөлек мекеме. Ол жерде Үкіметтегі, басқа да жоғары лауазымдағы азаматтарға медициналық қызмет көрсетіледі. Мен ауруханаға түскен кезде Алексей Цойды денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары қызметіне алу деген ұсыныс берілді. Оны премьер-министр ұсынды», - дейді Біртанов.

Елжан Біртанов үкімет басшысы мұндай шешім қабылдаған кезде қарсылық білдірмеген.

Министрлікті күшейтеміз деп, бірінші орынбасар қызметін енгізді, - дейді ол.

Елжан Біртанов 2020 жылдың 25 маусымында денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды. Содан кейін вице-министр Олжас Әбішевтің қамауға алынғаны хабарланды.

Араға бірнеше ай салып, Елжан Біртанов та қамалды. Айтуынша, Біртанов бастапқыда іс бойынша куәгер ретінде шақырылған. Алайда бір сәтте қамауға алынатыны айтылған.

«Мені тергеуге шақырды. Сол жерде қамалатынымды айтты. Олжас Әбішев қамауға алынған кезде таңқалдым. Біз мұндай іс басталғанын білдік. Ол 2020 жылдың мамырында басталды. Ол кезде біз министрлікте жұмыс істеп жүргенбіз. Қаржы мониторингі комитеті келіп, пандемия қызып тұрған кезде тексеріс жүргізді. Мемлекет басшысы мен үкімет басшысы тапсырма беріп жатқан кезде тексеріс жүргізгеніне таңқалдық. Біздің мамандарды екі жыл бұрын өткен іс бойынша тергеуге шақырды», - дейді Біртанов.

Сол кезде Біртанов іс бойныша жауапты әріптестерін жинаған. Мамандар ешқандай қылмыс жоқ екеніне сендірген.

Әбішевтің қорғаушыларымен сөйлескеннен кейін өзіме де адвокат қажет екенін түсіндім. Мені куә ретінде тергеуге шақырды. Олжастың ағасы мен адвокаттары Олжас Әбішевке тергеушілердің «Елжан Біртановтың қылмыс жасағанын, қылмыстық тапсырма бергенін айт» дегенін білдім. «Қылмыс жасағанын айтсаң, сені босатамыз» деп қысым жасаған», - дейді Елжан Біртанов.

Соны естіген соң Біртанов бірден премьер-министр Асқар Маминге барған. Жағдайды түсіндірген кезде үкімет басшысы мұның әдеттегі тәсіл екенін айтқан.

Сұқбаттың толық нұсқасын сілтеме арқылы көруге болады.