Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Елімізде некеге тұрғандар мен ажырасқандар саны бірдей азайған

Былтырғы қаңтар-желтоқсан аралығында Қазақстанда 128,5 мың жұп некесін қиған. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,4%-ға аз көрсеткіш, деп хабарлайды Paryz.kz.

Елімізде некеге тұрғандар мен ажырасқандар саны бірдей азайған
Фото: pixabay.com

Ranking зерттеушілерінің мәліметінше, қалада неке қиғандар саны бір жылда 14%-ға, яғни 85,5 мыңға дейін азайса, керісінше, ауылдық жерлерде некеге отырғандар саны 5,4%-ға, яғни 43,1 мыңға артқан.

«2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ажырасқандар саны 17,7 мың болған, дегенмен бұл бір жыл бұрынғыдан 8,1%-ға аз көрсеткіш. Қалалық жерлерле ажырасулар саны бір жылда 11,9%-ға азайып, 13,1 мыңға дейін, ал ауылдарда керісінше, 4,7%-ға өсіп, 4,6 мыңға жеткен», - дейді сарапшылар.

Өңірлік тұрғыдан алғанда, некенің көбі Алматыда – 13,6 мың – тіркелген, алайда бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 27,6%-ға аз. Үздік үштікке сонымен қатар халқы тығыз Түркістан облысы (13,3 мың, бір жылғыдан 4% аз) және Астана (10,7 мың, бір жылғы көрсеткіштен 12,7% аз) кіреді. Ең аз неке Ұлытау өңірінде тіркелген.

«Ресми тіркелген ажырасулар саны бойынша алғашқы үштікте Алматы (2,3 мың), Астана және Қарағанды ​​облысы (екі өңірдің әрқайсында 1,6 мың ажырасу) тұр. Ең аз ажырасқандар Ұлытау, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында тіркелген», - делінген зерттеуде.

Елдегі некеге тұру коэффициенті әр 1 000 адамға шаққанда 7,29-дан 6,46-ға дейін төмендегені байқалады. Некенің ең жоғары коэффициенті елордада тіркелді: 1000 адамға шаққанда 7,72. Үздік үштікке Алматы мен Қарағанды ​​облыстары да кірді.

Ажырасу көрсеткіші де әр 1 000 адамға 1-ден 0,89-ға дейін төмендеді. Өңірлік тұрғыда ең жоғары коэффициенттер Шығыс Қазақстан, Қарағанды ​​және Павлодар облыстарында, ең төменгісі – Түркістан облысында тіркелді.

Айта кетсек, БҰҰ мәліметі бойынша, 2021 жылы ТМД елдері арасында некеге тұрудың ең жоғары көрсеткіші Өзбекстанда тіркелген: 1000 адамға 8,8-ден тиесілі. Молдова мен Қырғызстан екінші және үшінші орындарда тұр: 1000 адамға сәйкесінше 8,6 және 7,6-дан келеді. Қазақстанда коэффициент әрі 1000 адамға шаққанда 7,4 (ҚР БНС ASPIR деректерінен біршама айырмашылық), Беларусьте - 6,4, Әзірбайжанда - 5,6 көрсеткішті құрады.

Ажырасудың ең жоғары көрсеткіші Молдовада: 1000 адамға 3,8-ден байқалды. Одан кейін Беларусь пен Украина тұр: 1000 адамға сәйкесінше 3,7 және 2,9. Қазақстанда коэффициент 1000 адамға шаққанда 2,5 көрсеткішті құраған.