Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Кәрім Мәсімов денсаулығына байланысты қамаудан босатылуы мүмкін бе?

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Сенат отырысынан шыққан соң журналистердің бірқатар сұрағына жауап беріп, сотталған адамды денсаулығына байланысты түрмеден босату мәселесін түсіндірді, деп хабарлады Paryz.kz ақпарат агенттігі Халық Үніне сілтеме жасап.

Кәрім Мәсімов денсаулығына байланысты қамаудан босатылуы мүмкін бе?
фото @ Болат Шайхинов

Министрдің айтуынша, түрмеден босатуға негіз болатын аурулардың нақты тізімі жоқ. Мәселен, онкология болса, оның сатысына қарайды.

Сосын террорист болсын, мемлекетке опасыздық жасаған адам болсын, оны емдеу үшін түрмеден босатады, - деді министр.

Журналистер министрдің жауабынан кейін бұл норманың мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімовке қатысы бар-жоғын нақтылап сұрады. 

Ішкі істер министрі оны сарапшылар мен сот шешетінін айтты.

«Шынымен адамды босатуға негіз болатын қауіпті аурулардың белгілері анықталса, онда тиісті шешім шығарылады. Адам жазадан босатылмайды. Оны емдеуге жібереді, ауруханаға жатқызады», - деді Марат Ахметжанов.

Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған еді. Ол 2022 жылдың 6 қаңтарында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылып, артынан қамауға алынды.

Қазір Кәрім Мәсімов ісі сотта «өте құпия» тәртібімен қаралып жатыр.