Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин азаматтардың әскери қызметті өткеру туралы анықтаманы еш әуреге түспей-ақ, бір жүйеден оңай алу жолынт түсіндірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
«Бірнеше ай бұрын елордалық әскери комиссариаттардың біріне барып, Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бірге осы саланы цифрландыру жоспарларын талқылаған болатынбыз. Сонда көтерілген мәселелердің бірі- әскерге шақырылатын жастарды әскери қызметке шақырудан босату немесе кейінге қалдыру мақсатында талап етілетін анықтамалардан арылту болатын. Ол үшін бірнеше жүйені біріктіру қажет еді.
Араға уақыт салып, бірлескен жұмыстың арқасында нәтижеге қол жеткіздік. Мәселен, осы жылдың 1 наурызынан бастап азаматтар толып жатқан анықтамалар мен құжаттарды ұсынбай, әскери қызметті өткеру туралы өз мәртебесін бір жүйеден біле алады», - деп жазды Бағдат Мусин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, қазақстандықтарды әскерге шақырудан босату және кейінге қалдыру туралы ақпарат беретін проактивті мемлекеттік қызметті іске қосты.
«Әскерге баруға міндетті ер адамдарға, яғни 18-27 жастағы азаматтарға әскерден босату немесе кейінге қалдыру бойынша тиісті ақпарат телефондарына хабарлама ретінде жолданатын болады. Мобильді азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар ғана хабарлама алатынын атап өтемін.
Қазіргі күні 300 мыңнан астам әскерге шақырылушы 1414-тен ЅМЅ хабарламалар алып үлгерді», - деді Б. Мусин.