Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Бекбол Мираштың адвокаты күтпеген мәлімдеме жасады

Ұлттық Қауіпсіздік комитетіне қарасты Жамбыл облысы «Шөлдала» әскери бекетінде асылып өлген Бекбол Мираштың ісі бойынша сараптама қорытындысы әлі шыққан жоқ. Бұл туралы оның, яғни Мираштың жақындарының адвокаты Айман Омарова мәлім етті, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Бекбол Мираштың адвокаты күтпеген мәлімдеме жасады
Фото: ашық дереккөз

Айта кетейік, кеше Бас әскери прокуратура Бекбол Мираштың ісі бойынша зорлық-зомбылық жасалды деген нұсқа расталмағанын мәлім етті.

«Бас әскери прокуратура қосымша сараптамалардың қорытындысы шықпай, осындай сеніммен тұжырым жасады. Бұл дегеніміз – іс обьективті түрде қаралып жатпағанын тағы бір рет дәлелдеп отыр. Өйткені, істің тергеушісі Мираштың киімдері мен денесінен аты-жөні белгілі үш ер адамның және аты-жөні әлі анықталмаған екі адамның биоматериалы табылғандықтан, қосымша сараптама тағайындайды. Оның үстіне, Мираштың киімінен шәуеті табылған әлгі үш адам әлі тергелмеген. Яғни, бұл істе шынымен обьективті тергеу жоқ. Тергеуші тағы да сексенге жуық адамның биоматериалына сараптама тағайындады, оның қорытындысы әлі жоқ. Ал Бас әскери прокуратура мәлімдеме жасап қойды», - дейді зардап шеккен тараптың адвокаты Айман Омарова.

Еске салсақ, 2022 жылдың 19 тамызында Ұлттық қауіпсіз комитеті Шекара қызметіне қарасты Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінде борышын өтеп жүрген, 2004 жылғы Бекбол Мираш асылып тұрған жерінен табылған болатын. 1 қыркүйекте сарбаз өліміне қатысы бар деген күдікпен әскери қызметкердің ұсталғаны хабарланды.

Кейіннен аталған күдіктінің адвокаты С. Пралиев баспасөз мәслихатын өткізіп, асылып өлген сарбаздың ауыз қуысынан, іш киімінен бірнеше адамның шәуеті анықталғанын, алайда тергеу аталған деректі назарға алмай отырғанын мәлімдеп, қоғамдық резонанс туғызған болатын.