Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

Тауда асылып өлген сарбаздың ісі: прокурор кабинетіне бақсы шақырып, бал аштырған

Жамбыл облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің «Андас батыр» бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген жерінен жоғалып кетіп, арада 39 күн өткен соң Қырғыз тауларында асылып өлген жерінен табылған сарбаз Ұлықбек Бердішевтің ісіне қатысты тың мәлімет шықты, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Тауда асылып өлген сарбаздың ісі: прокурор кабинетіне бақсы шақырып, бал аштырған
Фото: ашық дереккөз

Адвокат Айман Омарованың айтуынша, бұл әскери бөлім қызметкерлері сарбаз жоғалған кезде оны іздеуге аса құлық танытпаған. Ал ұлын өзі іздеуге келген анасы Орынгүл Бердішеваны әскери бөлімнен шығарып жіберу үшін неше түрлі айлаға барған.

«Ұлықбек Бердішев әскери аяқ киімін скотчпен орап алып жүргенін бәріңіз білетін шығарсыздар. Оның бұл суретін мен де әлеуметтік желіге салғамын. Бүгін мен сол Ұлықбек Бердішевтің өліміне қатысты бір мәлімет айтқым келеді. Жамбыл облысындағы басқа әскери бөлімде қаза тапқан сарбаз Бекбол Мираш сияқты, бұл баланың өлімінде де күдік тудыратын жағдайлар бар», - дейді Айман Омарова іске қатысты өткізген тікелей эфир кезінде.

Омарованың айтуынша, сарбаз жоғалғаннан кейін командирлерінің бірі ата-анасына телефон соғып, «Балаңыз хабарласпады ма?» деп сұраған. Осы қоңыраудан кейін көңілі алаңдаған ана бірден «Андас батыр» әскери бөліміне дереу жеткен.

«Анасы Орынгүлдің айтуынша, сарбазды іздеу кезінде әскери полиция болмаған, ол өзі дауыс күшейткіш аппаратпен ұлын іздеп, шарқ ұрған. Содан тымағын тауып алып, әскери бөлімдегілерге «Міне, тымағы, иісшіл иттеріңізді шығарып іздейік, балам жақын маңда шығар» деп жалынған. Әскери бөлім өкілдері ит тек есірткі іздеуге арналғанын айтып, бас тартқан. Ал одан кейін тіпті адам сенгісіз жағдай болған», - дейді адвокат Айман Омарова.

Омарованың айтуынша, бұл мәлімдемеге толық дәлелі бар және істе айтылып отырған прокурордың аты-жөні де белгілі екен. Бірақ адвокат әзірге прокурордың аты-жөнін жарияламады.

«Менің қолымда барлық дәлел бар. Осы іске қатысты прокурор болған, оның аты-жөнін білеміз, осы іс-әрекетіне дәлел де бар. Сол прокурор кабинетке Ұлықбектің анасы мен бақсы (!) шақырған. Бақсы анасына «Сіз әскери бөлімнен кетпесеңіз, балаңыз табылмайды» деген. Анасынан тіпті ақша сұраған, анасы ақша бермеген. Содан прокурор Ұлықбектің анасына қарап, «Міне, бақсының өзі айтып отыр, сіз әскери бөлімнен кетіңіз деп отыр» деген. Прокурор кабинетіне бақсы шақырып, осылай істегеніне сенесіз бе?! Біреу айтса, сенбес едім. Бірақ видеосын көріп, оның аты-жөнін білгеннен кейін төбеме жай түскендей болды. Сонда, прокурорлар сарбаздардың өлімін бақсыға тергететін болғаны ма?»,- дейді Айман Омарова.

Айта кетейік, сарбаз Ұлықбек Бердішев тура бір жыл бұрын әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жерінен жоғалып кеткен. Тек 39 күн өткенде, 2022 жылдың 10 сәуірінде Қырғызстан шекарасында қой жайып жүрген малшы сарбаздың киімін тауып алып, жан-жаққа хабар береді. Жігіттің туыстары қырғыз қойшысы киімдерін тапқан жерден 100 метр өтіп барып, мәйітін тапқан.