Түркістандық тергеушілер 25 жыл бұрын із-түзсіз кеткен шетелдік қызды жақындарымен қауыштырды, – деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
2022 жылдың наурыз айында Түркістан облысы Сарыағаш аудандық полиция бөліміне көршілес қаладағы Полиция бөлімінен Өзбекстан Республикасының азаматы, яғни үй-күйсіз (аты-жөні белгісіз, құжатсыз) жүрген 40-тан асқан әйелдің ісі келіп түскен. Онда Шымкент қаласындағы дағдарыс орталығына түскен өзбекстандық әйел Сарыағаш ауданында жасырын құрылған притонда құлдықта болғанын, 10 жасында әке-шешесі Өзбекстан Республикасына белгісіз біреулерге сатып жібергенін айтқан.
Осы іс бойынша Сарыағаш полицейлері жан-жақты тергеу амалдарын жүргізді. Сол жылдың қарашасында іс Түркістан облысы ПД-ның өндірісіне қабылданды. Тергеу барысында сот-медициналық, сот-психиатриялық сараптамалары тағайындалды. Оның жақын таныстарынан жауап алынды. Желтоқсан айында ҚР ІІМ арқылы Өзбекстан Республикасына жәбірленушінің жеке басын анықтау мен оған қатысты шынында адам саудасы қылмысы орын алған немесе алмағанын анықтау үшін халықаралық сұрау жолданды.
Полиция департаменті жүргізген жүйелі жұмыс нәтижесінде, департамент қызметкерлері Өзбекстан Республикасы Қашқадария облысы ШаҺрисабз ауданы Сарчашма ауылынан жәбірленушінің әке-шешесі, туған-туыстарын анықтап, олармен кездестірді. Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері әйелдің заңды түрде құжат алуы үшін қажетті шаралардың барлығын атқарып, жеке куәлігі мен төлқұжатын алуға ықпал етті.
Қазіргі уақытта жәбірленушінің өз еліне оралуына жағдай жасалып жатыр. Анықталғандай, жәбірленуші 17 жасында үйінен кетіп қалған. Ал жәбірленушінің "құлдықта болдым, әке-шешем сатып жіберген" деген уәждері дәлелін таппады, ҚР ҚПК-нің 35-бабының 1-бөлігінің 2-тармағымен іс тоқтатылды.