Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қазақстанда жетімдер үйінен бала асырап алатындар саны күрт азайған

Қазақстанда соңғы 5 жылда асырап алушылар мен қамқоршылардың балаларды балалар үйлеріне қайтаруы бірден 64%-ға көбейген екен. Сондай-ақ осы уақыт аралығында бала асырап алу көрсеткіші де айтарлықтай өспеген. Мысалы, патронаттық тәрбиешілер 23%-ға азайса, ал асырап алушылар саны 5 есе төмендепті, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Қазақстанда жетімдер үйінен бала асырап алатындар саны күрт азайған
Фото: ашық дереккөз

2017 жылы 168 кәмелетке толмаған бала асырап алынған болса, 2021 жылы тек 31 бала ғана қамқоршылар қолына берілген. Былтыр тек Қарағанды облысының өзінде 45 бала асырап алынса, ал 8 баланы асыраушылары балалар үйіне қайта апарып тастаған. Қамқоршылық бөлімі мамандарының айтуынша, жетімдер үйіне қайта әкеліп тастаған жағдайдардың көбіне ата-ана мен бала арасында келіспеушілік, яғни тіл табыса алмауы себеп екен. 

Мамандардың сөзінше, қамқорлыққа алынып, артынша жетімдер үйіне қайта қайтарылған баланың психологиясы қатты өзгереді. Себебі бала үйренген адамдары мен ортасынан айырылады. Екіншіден, тағы да бөгде ортаға сіңісуіне уақыт керек. Ал қамқоршылық мамандарының айтуынша, асыраушы тарапынан балаға қатыгездік, қорлық көрсетілгені анықталса, олармен дереу келісімшарт бұзылып, жауапкершілікке тартылады.

“Жалпы бір отбасы болды осындай балаға қатыгездік көрсетіп, әр адам әртүрлі ғой. Кейбіреулер ойлайды туған баласына да қатыгездік көрсететін ата-аналар бар ғой. Осындай жағдаймен бір отбасы болған. Ол бірнеше жыл болған оқиға қазір ол балалар бірден балалар үйіне қайтарылды. Қазіргі кезде ол балалар басқа отбасына берілген. Ал бағанағы отбасы тағы бала асырап алу құқығынан айырылды”, – деді Қарағанды облысы білім басқармасы қорғаншылық, қамқоршылық бөлімінің бас маманы Бақытгүл Игенова. 

Ал психолог мамандар баланың жетімдер үйіне қайта оралуын асырап алушыдан көре беруге болмайтынын жеткізеді. Айтуларынша, көп жағдайда асыранды бала ата-анаға манипуляция жасайды. Бір кемшілікті байқады ма, жанұядан кетіп қалуға тырысады дейді мамандар. 

“Асырап алдыңыз, жарайсыз. Үйге әкелдіңіз, қит етсе ол бала сізден қашып қайтадан интернатқа кетуге дайын тұрады. Қит етсе кеткісі кеп тұрады. Неге? Өйткені ол бала бейсаналы түрде жалпы ата-анаға сондай бір жау ретінде қарайды. Өйткені оны тастап кетті. Сондықтан да жанұяға әкелген баланы жанұяда қалдыру үшін өте көп шыдамдылық керек”, – деді психолог Мирүл Бимағамбетова. 

Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметінше, елде ата-ана қомқорлығынсыз қалғандардың саны 22 мыңнан асады. Оның ішінде Патронаттық тәрбиедегілер – 1816.  Дәл осы патронатты тәрбиеге алынған әрбір балаға үкімет 34 500 теңге көлемінде  ай сайын жәрдемақы төлейді. Ал оларды қамқорлығына алған патронаттарға ай сайын 60 мың теңгеден астам жалақы төленіп отырады.