Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Мұсылмандарға православтардың суға шомылу рәсіміне қатысуына бола ма?

Өткен түнде православ қауымының «суға шомылу» рәсімі өтті. Христиандықтардың діни рәсімінде соңғы кездері мұсылмандар да бой көрсетіп жүр. Осы мәселеге қатысты сұраққа ҚМДБ өкілі жауап берді, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

Мұсылмандарға православтардың суға шомылу рәсіміне қатысуына бола ма?
коллаж: Azattyq Ruhy

Жыл сайын қаңтар айында православтардың суға түсу рәсімі өтеді. Бұл сенім бойынша осы күн қасиетті болып саналады. Христиан дінінің өкілі судың жағасына келіп, өзінің арнайы діни рәсімін жасайды, содан соң сол көлдегі немесе өзендегі су ерекше емдік қасиетке ие болады. «Тіпті сол суға түскен адам наным бойынша тазарады және оның күнәсі кешіріледі» дейді. Алайда мұсылман халқының мұндай шараға қатысуы қаншалықты дұрыс?

Күні кеше ғана танымал тележүргізуші, блогер Динара Сәтжан да мұздай суға малтып шығып, оны әлеуметтік желіде жариялады. Оқырмандардың пікірі қақ жарылды, бірі даттады, бірі қолдады.

«Мұсылмандар қашанда өзге дін өкілдеріне құрметпен қараған. Сондай-ақ, олардың діни рәсімдерін, құлшылықтарын орындауларына ешқандай кедергі жасамаған. Ислам діні басқа дінге, ұлтқа құрметпен қарауға бұйырады. Бұл дегеніміз «мұсылмандардың да олардың діни рәсімдеріне қатысуына болады, солармен бірге қосылып, сол құлшылықты атқаруға рұқсат етілді» деген мағынаны білдірмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «кімде-кім қайбір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан» деген сөзі бар. Міне, сондықтан мұсылман адамның ондай іс-шараларға қатыспағаны дұрыс», - деді ҚМДБ діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов.

Сонымен қатар, кейбір адамдар «менің діни рәсімге ешқандай қатысым жоқ, мен ол жерге өзімнің денсаулығымды жақсарту үшін барамын» дегендерге ҚМДБ өкілі «ислам діні әрбір адамға денсаулығына қарауға және емделуге бұйырады. Бірақ мұндай іс-шараға дәл осы күні емес, басқа күні барғаны дұрыс» деп жауап берді.