Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Украинадағы соғысты қолдаған депутат Әбілдаев партиядан шығарылды

"Ақ жол" демократиялық партиясының пленумы Украинадағы соғысты ашық қолдаған Азамат Әбілдаевты партиядан шығарды, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі партияның сайтына сілтеме жасап.

Украинадағы соғысты қолдаған депутат Әбілдаев партиядан шығарылды
Фото: ашық дереккөз

Бүгін Астанада "Ақ жол" демократиялық партиясы Ұлттық кеңесінің пленумы өткен. Партия төрағасы Азат Перуашевтың төрағалығымен өткен жиында Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаевтың журналистке берген сұхбатында Украинадағы соғыс туралы айтқан сөздері сараланып, тиісті саяси баға берілді.

Ұлттық кеңес мүшелері Азамат Әбілдаевтың сөздері "Ақ жол" партиясының позициясына қарама-қайшы және сонымен қатар партиялық және де депутаттық этиканы да бұзып тұрғанына баса назар аударды.

Ұлттық кеңес шешімі бойынша, Азамат Әбілдаевты "Ақ жол" демократиялық партиясынан шығару туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Азамат Әбілдаевтың депутаттық мандатын тоқтату туралы "Ақ жол" партиясы Орталық сайлау комиссиясына хат жолдады.

Айта кетейік, Азамат Әбілдаев 1998 жылдан "Ақбөкен" қоғамдық қорының мүшесі. 2015 жылдан Қалмақ тұқымының Республикалық Палатасының төрағасы, 2021 жылдың қыркүйек айынан "Қазақстанның Ет Одағы" ДКЗТБ басқармасының төрағасы, Қазақстанның "Ақ жол" Демократиялық партиясының мүшесі.

Еске салайық, кеше, 18 қаңтарда Мәжіліс депутаты "Азаттық" радиосына берген сұхбатында Ресей президенті Путинді қолдайтынын айтқан. Ол сонымен бірге Ресейдің Украинаға басқыншылығын "арнайы операция" деп атаған болатын.

Депутат бұған қоса, Украина президенті Владимир Зеленскийді жуырда өз халқы ұстап, сотқа беретінін және дәл осылай ойлайтын Парламентте екі-үш депутат барын айтты.