Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

«5-7 мың долларға сатып жібереді». Қазақстандықтардың шетелде құлдықта болу дерегі жиілеген

Оңтүстік-шығыс Азияда Қазақстан азаматтарының құлдықта болу дерегі жиіледі. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Paryz.kz ақпарат агенттігі Halyq Uni-не сілтеме жасап.

«5-7 мың долларға сатып жібереді». Қазақстандықтардың шетелде құлдықта болу дерегі жиілеген
Фото: diapazon.kz

2022 жылғы маусымның соңынан бері «Алтын үшбұрыш» деп аталатын Оңтүстік-шығыс Азия аумағында (Мьянма, Лаос және Таиланд) қазақстандықтардың еңбек құлдығында болу дерегі жиіледі. Алдын ала сөз байласқан халықаралық қылмыстық топтар көбінесе үшінші тарап және әлеуметтік желілер, мессенджерлер (Telegram, Facebook, Instagram) арқылы Қазақстан азаматтарын Таиландтағы компанияларға жұмысқа шақырады. Олар Таиландқа келгеннен соң түрлі сылтаумен Мьянмаға жеткізіледі, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Қазақстандықтарды шетелде жұмыс істеуге шақыратын компаниялар өздерін криптовалюта өндіреміз деп таныстырады екен.

«Алданғанын кеш түсінген отандастарымыз елге оралуға ниет білдіргенде компания олардан 5-10 мың доллар төлеуді талап етеді. Олар – жолақы, шекарадан өту, виза, қонақ үйдің ақысы және тағы басқа шығындар. Мұндай соманың болмауына байланысты қазақстандықтар қытайлық компанияларға жұмыс істеуге мәжбүр», - деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, жәбірленушілер көбіне Еуропа мен АҚШ азаматтарынан алаяқтық жолмен ақша алуға машықтанған заңсыз жұмыс істейтін компанияларға аудармашы болады.

Жұмыстан бас тартқан жағдайда азаматтарды басқа осыған ұқсас заңсыз жұмыс істейтін компанияларға 5-7 мың долларға сатып жібереді. Бұған қоса, зорлық-зомбылық пен психикалық қысым жасайды, тамақ бермейді және тағы басқа әдістермен қорқытады, - деді Айбек Смадияров.

Қазақстанның Таиланд және Въетнамдағы елшіліктері бұл мәселені шешу үшін Таиланд, Лаос және Мьяманың құқық қорғау органдарымен және сыртқы саяси ведомстволарымен тұрақты байланыс орнатқан.