Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

"Тұрғын үй бағасы тағы да қымбаттайды": экономисттер үй нарығына болжам жасады

Биыл Қазақстанда баспана бағасы кем дегенде 15 пайызға қымбаттайды. Осылай деген сарапшылар, тұрғын үй құны былтырғыдай шарықтамайды, дегенмен, өсім болады деп отыр. Бағаның өткен жылғыдай күрт қымбаттамауын зейнетақы қорындағы пайдалануға болатын шекті мөлшердің айтарлықтай артып кеткендігімен байланыстырады, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

"Тұрғын үй бағасы тағы да қымбаттайды": экономисттер үй нарығына болжам жасады
фото: prodazha-realty.ru

«Соңғы 20 жылдың ішінде баспана бағасы бір рет болсын түспеген. Тек 2007-2008 жылдары баға тұрақтанды. 2021,2022 жылдары баға 50 пайызға өссе, биыл кем дегенде 10-15 пайызға қымбаттайды»,- деді Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.

Сарапшы баспана бағасының тоқтаусыз өсуіне импортталатын құрылыс материалдары мен құрылысшылардың жалақысы қатты әсер етеді деді.

«Ресми түрде құрылыс материалдарының 54 пайызын өзіміз шығарамыз, 46 пайызы сырттан әкелінеді. Бірақ, бізде шығарылып жатқан кірпіш құрылысқа жетпейді. Сондықтан, сырттан тасымалданатын тауардың пайызы 60-тың үстінде деуге болады. Бағаға теңгенің құнсыздануы да әсер етеді. Өзге елден әкелінетін тауардың құны долларға байланғаны белгілі.

Қазір құрылысшылар жетіспейді. Олардың айлығын көтермесе ешкім қара жұмысқа келгісі жоқ. Бір ғана мысал, былтыр автогрейдерші мен кранды басқаратын маман 450 мың теңге айлық алса, биыл оларға 900 мың теңге төлеуге тура келеді. Өйткені мамандардың саны аз, басқа жұмысқа кетіп қала салады. Ал жұмысшылардың жалақысын төлеу үшін компания пәтер құнын көтеруге мәжбүр», - деді ол.

Ал экономист Сапарбай Жұбаев қымбатшылық шегіне жетті, биыл баға біршама өссе де былтырғыдай күрт шарықтап кетпейді дейді. Оған қоса, зейнетақының шекті мөлшері көпшілкке қолжетімсіз болғандықтан, үй алуға ұмтылатындардың саны азаяды деп отыр. Сәйкесінше, сұраныстың төмендеуі бағаның өсуіне жол бермейді деген пікірде.

«Биыл инфляция деңгейі 14-16 пайызға дейін түсуі мүмкін. Өйткені 2022 жылы қымбатшылық шегіне жетті, одан әрі аса алмайды.

ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,75-тен тағы көтерсе, экономикамыздағы бизнес одан сайын қиналады.

Тұрғын үйдің де бағасы аса шарықтамайды дегім келеді. Екінші нарықтағы үйдің құны биыл біршама тұрақталады. Өйткені, халықтың қолына түсетін қаражат та аса көбеймейді.

Мәселен, бұған дейін зейнетақы қорындағы 3,5 триллион теңге экономикаға тасталынды. Ал зейнетақы қорындағы шекті мөлшерді асырып жібергеннен кейін, мүлік рәсімдей беретін халықта ақша да жоқ»,- деді экономист Сапарбай Жұбаев.

Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев баспана бағасын тұрақтандыру үшін Үкімет бағдарламадан бастап жұмысшыларды құрылысқа ынталандыру мәселесіне араласуы керек дейді.

«Біріншіден, тек дайын емес, салынып жатқан үйлерге қатысты арнайы бағдарлама болуы тиіс. Ал олардың құны құрылыс барысында төмендеу болады. Халыққа тиімді бағдарлама жоқ, шынын айтқанда.

Екінішден, құрылысты қарқынды жүргізу үшін инфрақұрылымдық жүйелерді реттеу керек. Қазір оның күші жетпей жатыр.

Үшіншіден, құрылыс саласына мамандарды тарту керек», - деп атап өтті Талғат Ерғалиев. 

Қазақстан Құрылысшылар одағы осы уақытқа дейін Президент әкімшілігіне, ҚР Қаржы министрлігіне де құрылыс саласына көбірек ақша құю керек деп ұсыныс жолдап келе жатқандарын алға тартты.

Айта кетейік, сарапшылар жыл сайын 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынып келсе, биыл 15 млн шаршы метрден аспайды деп топшылап отыр.