ҚР Үкіметі 2023 жылғы 11 қаңтарда №13 “Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолдану қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекіту және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың), сондай-ақ көлік құралдары санаттарының кеңейтілген міндеттемелерінен босату туралы” қаулыға қол қойылды.
Қаулы Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелмеген шетелдік автомобильдерді заңдастыру туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Қаулы негізінде 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін ел аумағына әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды утиль алым төлеуден босатудың тәртібі, шарттары мен мерзімдері айқындалады.
Егер көлік құралдары:
1) Қазақстан Республикасының аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген;
2) іздеуде жоқ;
3) басқа мемлекеттің құзыретті органында бұрынғы тіркелген жері бойынша мемлекеттік есептен шығарылған;
4) кедендік тазартудан өткен болса, яғни осындай талаптарға сәйкес келсе, Қаулыға сай көлік құралдарына бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 000 теңге мөлшерінде алым мөлшерлемесі қолданылады.
Шетелдік автомобильдерді бастапқы тіркеудің көрсетілген тәртібі 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қолданыста болады және М1, M1G, M2, M2G, N1, N1G санаттарындағы көлік құралдарына, оның ішінде бастапқы мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының азаматтарында жүзеге асырылатын басқару тетігі оң жақта орналасқан көлік құралдарына қолданылады. Бұл ретте көлік құралдарын санаттар бойынша жіктеу Кеден одағының “Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы” техникалық регламентіндегі (КО ТР 018/2011) 1-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекет басшысының шетелдік автомобильдерді заңдастыру және жолдарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыру жөніндегі шаралар туралы 12 қаңтарда сағат 12:00-де ішкі істер министрінің орынбасары Лепеха Игорь Владимирович Орталық коммуникациялар қызметінде өтетін брифингте айтып береді.