Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Қазақстанда қарызы 90 күннен асқан адамдарға тұтынушылық несие мен микрокредит берілмейді

Қазақстанда мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кепілсіз тұтынушылық қарыз бен микрокредиттер беруге шектеу енгізіледі. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі. 

Қазақстанда қарызы 90 күннен асқан адамдарға тұтынушылық несие мен микрокредит берілмейді
фото: mnews.kz

Агенттік президент тапсырмасын орындау үшін кепілсіз тұтынушылық кредит беруді реттеу бойынша қосымша жүйелі шаралар әзірлеген.

"Былтыр 11 айда банктердің жеке тұлғаларға берген несиесі 29,4%-ға немесе 13,9 трлн теңгеге ұлғайды. Оның ішінде тұтынушылық кредиттер көлемі 24,1%-ға, яғни 7,6 трлн теңгеге өсті. Займ алушылардың жалпы саны 6 868 мың адамға жетті. Төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің үлесі – 5,6% немесе 461 млрд теңге. 536 мың клиенттің кредитін төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен. Ал, биыл жыл басталғалы олардың саны 121 мың адамға артты", - деді Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, енді күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер беруге шектеулер енгізіледі.

“Бұл шара төлем жасауға қабілетсіз қарыз алушыларға жаңа кредит беруді және борыш жүктемесінің өсуін шектейді", - деді Әбілқасымова үкімет отырысында.

Сондай-ақ борыш жүктемесін шектеу үшін банктердің жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мәнін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіледі.

"Халықаралық тәжірибеге сәйкес жылдық тиімді мөлшерлеме пайыздық маржа, тәуекел үшін сыйақы, операциялық шығыстар және қорландыру құны сияқты нарықтық факторларға байланысты белгіленеді. Тұтынушылық кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесінің төрелігін жою үшін микроқаржы ұйымдарының тұтынушылық микрокредиттері бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін реттеу қосымша қатаңдатылады", - деді агенттік төрағасы. 

Әбілқасымованың айтуынша, коллекторлық қызметті реттеуді қатаңдату үшін нарық субъектілеріне әкімшілік айыппұл мөлшерін 2 есе (300 АЕК-тан 600 АЕК-ке дейін) арттыруды, сондай-ақ коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің дербес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін енгізуді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді.

"2022 жылғы қарашада үкіметке тиісті түзетулер енгізілді және олар бойынша белгіленген тәртіппен келісу рәсімдері жүргізіліп жатыр", - деді ол.