Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

"Әр жерде бір жыл жұмыс істеу тәжірибе емес": Сарапшы 32 жастағы министрлерге қатысты пікір білдірді

"Біздің мақсат" телеарнасында саясаттанушылар министрлік тізгінін жастардың ұстауына қатысты пікір білдірді. Алайда сарапшылардың ойы бұл тұста екіге бөлінді, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Хабар арасына сілтеме жасап. 

"Әр жерде бір жыл жұмыс істеу тәжірибе емес": Сарапшы 32 жастағы министрлерге қатысты пікір білдірді
фото: Stan.kz

Айта кетейік, 4 қаңтарда Экология және табиғи ресурстар министрі болып Зүлфия Сүлейменова, ал Мәдениет және спорт министрі болып Асхат Оралов тағайындалды. Қос министр де 32-жаста.

Саясаттанушы Құрманғали Дәркенов Қазақстанда жастарға мүмкіндік беру керегін айтады. Сөзінше, бұл өзге жастарға үміт береді. 

"Бұрынғы билік кезінде жаман болды деп айтуға болмайды. Жақсы адамдар болды. Алайда бұрынғы тұлғаларды адамдар тыңдады, қазір шаршады. Әлеуметтік желіде қайшы көзқарас болғанымен, Асхат Ораловқа, Зүлфия Сүлейменоваға және Марат Қарабаевқа қатысты жағымды пікір көп. Жастардың билікке келуі қоғамның дамуына серпін береді деген көзқарас қалыптасты", – дейді ол. 

Құрманғали Дәркеновтің пікіріне саясаттанушы Асхат Асылбеков қарсы шықты. Оның пікірінше, үкіметке тек Amanat партиясының ғана емес, өзге де партия өкілдерінің тағайындалуы маңызды. 

"Неге ауыл шаруашылығы министрлігін "Ауыл" партиясының, ал экология министрлігін "Байтақ" партиясының өкілдері басқармайды? Тоқаев өткен жылдың ортасында сайлаудан кейін коалициялық үкімет құрылуы мүмкін деді. Барлығы үміттенді. Дегенмен мәжіліс сайлауы өтпестен министрлер тағайындала бастады. Бұрынғы тұлғалардан барлығының шаршағаны анық. Екіншіден, қоғамда мыңдаған ақылды адамдар бар. Қолдарын былғамау үшін биліктен кетіп, өзгерістің болғанын күтті. Олар халыққа қызмет етуге дайын, неге осындай азаматтарды алмайды?" – деді ол. 

Саясаттанушының сөзінше, қазір елде туындаған мәселелер 1990-жылдары тәжірибесіз шенділер қабылдаған шешіммен тікелей байланысты. 

"Министрлер халықаралық келіссөздерде жеңіліп қалды. Ірі компаниялар атынан 60-70 жастағы ересек адамдар келеді. Олардың алдына жастар шығады. Олар қалай Қазақстанды қорғайды? Салдарынан еліміз үшін тиімсіз келісім жасалды. Қазір жастар елді қорғай ала ма, тәжірибесі жете ме? Әр жерде бір жыл жұмыс істеу тәжірибе емес", – деп түсіндірді сарапшылар.