Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Қытай шекарасында Қазақстанның 8 мың жүк вагоны қараусыз қалды

"Атамекен" ҰКП осындай шиеленісті жағдайды реттеу үшін Үкіметтен экспорттық трафикті қалпына келтіру және Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын ұлғайту үшін Қытай тарапымен үкімет басшылары деңгейінде келіссөздер жүргізуді сұрады.

Қытай шекарасында Қазақстанның 8 мың жүк вагоны қараусыз қалды
фото: ашық дереккөз

Пандемия басталғалы бері отандық экспорттаушылар мен импорттаушылар Қытай шекарасынан өту кезінде қиындықтарға тап болды. 2020 жылдың 8 айы ішінде өткізу бекеттеріндегі көлік кептелісі шешілмей келеді, деп хабарлады paryz.kz, "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап.

Бұдан бөлек, Қытай тарапынан карантиндік шараларды күшейту жағдайды одан сайын қиындата түсті. Жүк көліктерінің жүргізушілері жаңажылдық мерекелерді жол бойында қарсы алуға мәжбүр, ал маршурт бойынша қараусыз қалған вагондар "жақсы кезеңдерге" дейін өз кезегін күтеді.

Негізінен қауіпсіздікті сақтау бойынша талаптар күшейтілуде. Нәтижесінде Қазақастанмен тауар айналымының ағыны шектеліп қалды. "Атамекен" ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Темірханов орын алған жағдайға пікір білдіріп, шектеу шаралары салдарынан көрші ел қабылдайтын көлік құралдарының саны күрт азайғанын атап өтті. Енді бір тәуілікте шекарадан небәрі 20 автокөлік және 500 вагон өте алады. Осыған дейін шекарадан тәулігіне 50 автокөлік және 900 вагон өте алатын.

"Шекарада тұрып қалған көлік құралдарының саны артып келеді. Қытай тарапынан қабылданған қатаң шектеу шаралары қаржылық шығынға әкеп, отандық кәсіпкерлердің шетелдік контрагенттер алдындағы келісімшарттық міндеттемелерін орындай алмауына әкеп соқты. "Атамекен" ҰКП осындай шиеленісті жағдайды реттеу үшін Үкіметтен экспорттық трафикті қалпына келтіру және Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалын ұлғайту үшін Қытай тарапымен үкімет басшылары деңгейінде келіссөздер жүргізуді сұрады. Негізінде проблема ҚХР-дың шектеу туралы қандай да бір бұйрықтарыныңі болмауына байланысты, бәрі ауызша айтып, білместік танытуда. Осындай жайт форс-мажор туралы куәлікті алу процесін қиындатып, тасымалдауды жоспарлау принципін бұзып жатыр. Өйткені жүкті жөнелтіп жатқанда, жүк көлігі шекараға жеткенде қандай шектеулер мен кедергілердің болатынын білмейсің", – деп түсіндірді Талғат Темірханов.

9 желтоқсанда Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен ІІМ өкілдері, кәсіпкерлер және ҚР-дың ҚХР-дағы елшісімен жиын өтті. Жиын барысында ҰКП мамандары санитарлық шараларды (өңдеу және фумигация) ҚР аумағына ауыстыруды, тау-кен өнеркәсібінің қазақстандық жүктерін жүк көлемін контейнерлерде де, вагондардың басқа түрлерінде де бөлу арқылы қабылдауды және импорттаушылар мен экспорттаушылар үшін медициналық және әлеуметтік нысандағы жүктерді жедел тасымалдауды қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

"ҚТЖ" ҰК" АҚ ақпараты бойныша Қазақстан теміржолында экспорттық өнім – металл рудалары, бидай және басқа да жүк тиелген шамамен 12 мың вагон тұрып қалған. Соның ішінде 8 мың вагон шекарадан өту мүмкін болмағандықтан қараусыз қалды. Мұның бәрі тағы бір проблема – вагондардың тапшылығына әкеп соғады.

"Қазақстан теміржолының әкімшілігі мәселені шешуге тырысып, "Қытай темір жолы" МК басқарма төрағасының атына бірнеше рет өтінім жасады. Күрделі жағдайды ескере отырып, ҚТЖ ағымдағы жылдың 1-10 желтоқсаны аралығында контейнердегі жүк және жентектен басқа, ҚХР-ға жөнелтілетін барлық жүктерді тиеуге уақытша тыйым салды. Осы ретте Қазақстан ҚХР тарапынан келетін пойыздарды шұғыл, ешбір шектеусіз, толық көлемде қабылдап жатыр, мұндай теңгерімсіздік отандық экспорттаушыларымыздың алдында әділетсіз шара болып отыр. Бұдан бөлек, желтоқсан айында Қытай тарапы вагондарды қабылдауды 50%-ға қысқартпақ. Жарияланған 26 мың көлемде шекарада небәрі 16 мың вагон қабылданады", – деді Ұлттық палата өкілі.

"Нұр жолы" бекетінің автокөлік өткізу пунктінде электронды кезекшілік арқылы Қытайға кіру үшін кезегін күтіп тұрған, отандық өнім: күнбағыс майы, маргарин, жүн тиелген 600 жүк көлігі тұр. Сонымен қатар қытай өнімін импорттау үшін 8 мың бос жүк көлігі кезекте тұр. Тура осындай жағдай "Достық" өткізу пунктінде орын алған.

Ұлттық палата мамандарының пікірінше, Қазақстан-Қытай шекарасындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шаралар нарықтың барлық қатысушылары үшін теңдік пен өзара тиімділік негізінде қабылдануы керек. Осылайша әлеуметтік-экономикалық шиеленіс жеңілдейді. Эпидемиологиялық мәселелерді шешу және шектеу шараларын енгізуге қатысты жағдай Қытай тарапынан 2021 жылдың І тоқсанына дейін созылуы мүмкін екенін ескере отырып, отандық жүк тасымалдаушылар өз өнімін өткізуде Қытай нарығын жоғалтып алуы ықтимал.