Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Белгілі журналист Шарафаддин Әмір өмірден өтті

Қазақ журналистикасына, оның ішінде құқықтық журналистикаға еңбек сіңірген танымал журналист Шарафаддин Ембергенұлы Әмір 63 жасқа қараған шағында қайтыс болды деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.

Белгілі журналист Шарафаддин Әмір өмірден өтті
фото: turkystan.kz

Шарафаддин Әмір 1991 жылдан республикалық «Зерде» журналында, «Алматы ақшамы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде қызмет етіп, 1994 жылы республикалық қоғамдық-саяси, құқықтық басылым «Заң газетінің» тілшісі, кейіннен осы газеттің бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 1997 жылдан «Егемен Қазақстан» газетінде газеттің тілшісі, шолушысы, бас редактордың репортері қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинақтады.

2001 жылы «Заң газетінің» бас редакторы, 2005 жылдың қаңтар айынан бастап «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының» президенті қызметіне тағайындалды. Осы жылдар ішінде ол құқықтық басылымның негізін жасап, құқық саласында қалам тербейтін журналистердің шоғырын тәрбиелеп шығарды. Бүгінде заң, құқық тақырыбын өндірте жазып жүрген журналистердің көбі Шарафаддин Әмірдің мектебінен өткенін мақтанышпен айтады. 2010–2016 жылдары «Егемен Қазақстанның» шолушысы болған журналист соңғы кездері «Арғымақ-7» ЖШС-нің директоры, «Жеті жұрт» газетінің редакторы болды. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалінің, Ақпарат министрінің Құрмет грамотасының, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың, тағы да басқа марапаттардың иесі.

Шарафаддин Ембергенұлын әріптестері, қалың оқырманы «Құқықтық журналистиканың қара нары» деп атайтын еді.