Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қоғамдағы татулықты әдейі шайқағаны үшін Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қандай айып тағылғаны мәлім болды

Бас прокурор Берік Асылов Парламент Мәжілісінің отырысында қаңтар оқиғасы арнайы сценарий бойынша дайындалғанын айта келе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына нақты қандай айыптар тағылып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Paryz.kz ақпаратттық агенттігі.

Қоғамдағы татулықты әдейі шайқағаны үшін Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қандай айып тағылғаны мәлім болды
фото: smi24.kz

Бас прокурор атағандай, қаңтар оқиғасында Қазақстандағы жағдай өте күрделі болған.

«Арнайы жасалған сценарий бойынша қоғамдағы татулықты әдейі шайқағаны қазір түсінікті болды. Ол кезде көпшілік теңсіздікке наразы болып, әділеттілікті аңсады. Тек бір сылтау қажет еді. Ол газ бағасының өсуі болды. Ереуілді басқа қалалар да қолдады, барлығы газды ұмытып, радикалды талаптар қоя бастады. Осының барлығы трагедияға, адам өліміне әкеліп соқты. Біз басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған деп айта аламыз. Шын мәнінде, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды», - деп түсіндірді Берік Асылов.

Бас Прокуратура басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс «аса құпия» режимінде тергеліп жатқанын атап өтті.

«Материалдарды жариялауға шектеу қойылған. Өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар. Істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар. Оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Қылмыстық іс қазір сотта қаралып жатыр», - деді ол.

ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұловқа тағылған айыптар:

  • мемлекетке опасыздық жасау;
  • билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер;
  • лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша сотқа берілді.

Тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожинге тағылған айыптар:

  • билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер;
  • лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану.

Сондай-ақ ҰҚК-нің бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына  өкiлеттiктерді асыра пайдалану айыбы тағылып отыр.

Ол атағандай, тергеу мәліметі бойынша 5 қаңтарда жеке құрамды ғимараттан кетуге дайын болу қажеттілігі туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтың нұсқауы келіп түскен.

Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен.