Жеті жыл бұрын, сол кездегі Ішкі істер министрі түрмелердің енді ұялы байланыс өте алмас берік қамалға айналғанын жариялады деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі.
Алайда мұның шындықтан алыстығы артынша әшкере болды. Сорақысы сол, «Қасіретті қаңтар» кезінде түрмелерден қоңыраулар шалынған. Сотталғандардың бірі «қамалдың» ар жағынан лаңкестік актісін үйлестіруге талаптанған. Бас еркіндігінен айырылған адамның бостандықтағы кісіні өлтіруге тапсырыс бергені тіркелді. Түрмелерден телефон соғып, аңғал халықтың қалтасын қаққан, барынан айырып, қан қақсатқан алаяқтар қаншама? ІІМ келесі жылы бұл кесірмен күрестің жаңа тәсілін қолданбақ.
Қамал қабырғасын 4G бұзып өткен бе?
Он жылдай бұрын Қазақстан түрмелерді ұялы байланысты бұғаттайтын құрылғылармен жабдықтауға кірісті. Дегенмен, сотталғандар оларды айналып өтудің амалын тапқан. Ал 2014 жылғы 5 ақпанда ақпарат құралдары: «Түрмелерге бұдан былай ұялы байланыс өте алмайды» деген тақырыппен шықты. Мұны Ішкі істер министрі мәлімдепті. «Колонияларда 6 метрлік алып дуалдар орнатудамыз. Олардың үстінен лақтырылған заттарды тұту үшін тағы 3 метрлік дуалшалар қойылады. Мұның бәрі телефондардың сигналын сөндіруге арналған біздің барлық техникалық құралдарымыздан әлдеқайда тиімді болып шықты. Бұл қалың қабырғаны телефон байланысы тесіп өте алмайды. Ендеше біз ары қарай да осы істі жалғастыра береміз», – деді сол тұстағы ІІМ басшысы Қалмұханбет Қасымов Парламент депутаттарына.
Әрине, Мәжілістегі баяндамасында генерал Қ.Қасымов «Қазақстанда 4G байланысы пайда болысымен бұл бағыттағы жұмысты жетілдіруге тура келетінін» ескерткен еді. Бүгінде бас бостандығынан айыру орындарында отырғандардың сыртқа заңсыз әрі жиі қоңыраулатуы «жетілдіретін уақыттың» жеткенін аңғартқандай.
«Сотталғандардан ұялы телефондарын тауып, тәркілеу, оларды жеткізу арналарын жабу және басқа бағыттарда қабылданып жатқан шаралар жағдайды жақсы жаққа қарай түбегейлі өзгертуге мүмкіндік бермеді. Осы салада техникалық прогресс тоқтаусыз әрі тұрақты түрде дамып жатыр: елде мобильді деректерді беру қысқа уақыт ішінде 2G-ден 3G, 4G-ге көшті, алда 5G тұр. Салдарынан мекемелерде бұрыннан тұрған ұялы байланысты бұғаттаушы блокаторлар моральдық тұрғыдан ескірді және тиімділігін жоғалтады. Ал олардың жаңаларының құны жоғары болғандықтан, блокаторларды уақтылы жаңартуға мүмкіндік бермейді», – деп түсіндірді ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі (ҚАЖ) комитетінің Режим, қадағалау және күзет басқармасы.
Темір торда телефон да қару
Мұның сыртында қылмыскерлердің сырттағы сыбайластары оларды ұялы телефондармен жабдықтаудың түрлі айла-амалын тапты.
«Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №70 қауіпсіздігі аралас мекемесіне пошта арқылы келген сәлемдемені тексеру кезінде одан тарақ, печенье және шәй қорабының ішіне мұқият жасырылған ұялы телефондар мен SIM карталар тәркіленді. Режим және күзет бөлімі қызметкерлерінің қырағылығы арқасында, пластик тарақтың ішіне жасырылған 2 кішкентай телефон, ал шәй қорабынан смартфон табылды», – деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.
СҚО бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ЕС-164/8 мекемесінде шоколад орнына қапталған телефон табылды. Жарымен кездесуге келген 48 жастағы павлодарлық әйел ұялы телефонды іш киіміне тығып алған. Ақмола облысының ҚАЖ мекемесіне қырынуға арналған гельде жасырылған телефондарды өткізудің жолы кесілді. Ақтөбе тұрғыны танысына арналған телефонды бананға жасырған. Алматы облысының колониясына ет рулетіне тығылған телефондар әшкереленді. Тортта, аяккиімдер өкшесінде жасырып, басқа да амалдармен телефонды алып өту талаптары жасалған.
«Көтерме» партиялары да жеткізіледі екен. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің төтенше қауіпсіз ЖД-158/7 мекемесінде 85 ұялы телефон өткізбек болған адам ұсталды: мекеме аумағында жұмыс істейтін ағаш өңдеу кәсіпорнына құрылыс материалдарын тасыған автокөлік жүргізушісі соларды түрме аумағында сатып, табыс таппақ болған көрінеді. ІІМ 2021 жылы осы мекемеде ағаш материалдарын түсіру кезінде 137 ұялы телефон табылғанын еске салады.
Мамандардың түсіндіруінше, түрмеге тыйым салынған заттарды, ұялы байланыс телефондарын өткізуге талаптанғандар жеңілдеу жазамен құтылып кетеді. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК айыппұл төлейді.
Салдарынан тек бір жыл ішінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 3 мыңнан астам мобильді құрылғы тәркіленді. Табылмағаны қанша?
ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ұялы байланыс құралдарын сотталғандар мекемелерден тыс жерлерде жаңа қылмыстар, мысалы, алаяқтық, бопсалау және басқасын жасау, қылмыс әлемін, соның ішінде трансұлттық қылмыстық топтарды, қауымдастықтарды ұйымдастырып, үйлестіру үшін пайдалана алатынына алаңдаушылық білдірді. Мәселен, 2022 жылы түрмеде отырып, интернет алаяқтықпен айналысқан 3 сотталған ұсталды. Олар 57 алаяқтық фактісін жүзеге асырып үлгерген.
Сонымен қатар мобильді құрылғылар көмегімен арнайы контингент куәгерлерге және қылмыстық процестің басқа қатысушыларына қысым жасауы, тергеуді адастыру үшін серіктестермен ымыраласуы мүмкін.
«Мысалы, Атырау облысы бойынша ҚАЖД УГ-157/9 мекемесінде сотталған адам WhatsApp арқылы бостандықта адам өлтіруге тапсырыс беріп, сыбайласына соған қажетті қарудың жасырылған орнын көрсеткен. Бұған қоса, сотталғандар ұялы телефондарды есірткі құралдар, кескіш-тескіш заттар, телефондар сияқты тыйым салынған заттарды ҚАЖ мекемелерінің аумағына заңсыз жеткізуді ұйымдастыру үшін қолданады. Олар интернетке де шыға алады. Салдарынан, мекемелер ішіндегі жағдайды және кезекші нарядтардың қозғалысын көзбен бақылай алатын сотталғандар онлайн режимде аумақты аралап жүретін бақылаушылардың қай жерде тұрғанын тыйым салынған заттарды жасырын лақтыратындарға хабарлап отырады», – деп түсіндірді мемлекеттік орган мамандары.
Соның кесірінен, 2022 жылдың 11 айында ҚАЖ мекемелерінің аумағына 227 рет тыйым салынған заттар лақтырылды. Оның 100-і бойынша ғана құқық бұзушылар (112 адам) ұсталды (қалғаны құтылып кеткен). 407 бірлік ұялы телефон, 4,5 келі есірткі, 62 литрден астам спирттік ішімдіктер, 4 мыңнан астам психоактивті препараттар тәркіленді. Мамандар мұндай «сәлемдемелердің» барлығын дерлік сотталғандар мекеме ішінен жоспарлап, үйлестіретінін айтады.
Жаңа тетік қашан іске қосылады?
Бас бостандығынан айыру орындарында қару-жарақ, оқ-дәрілер мен арнайы құралдар сақталатыны мәлім. Сондықтан бұл мекемелер лаңкестердің нысанасына айналатынын қаңтар оқиғалары паш етті. ҚАЖ мекемелері бүгінде «Террористік тұрғыдан осал объектілердің аумақтық тізбесіне» енгізілді.
«Түзеу мекемелерінде ұсталатын арнайы контингент террористік актілерді ұйымдастыру, қаруға, оқ-дәрілерге қол жеткізу, адамдарын қамаудан босату мақсатында ҚАЖ мекемелеріне шабуыл жасау үшін бостандықтағы қылмыстық топтардың іс-әрекеттерін үйлестіруге ұялы телефондарды пайдаланады. Қылмыстық топтардың ҚАЖ объектілерінде сақтаулы тұрған қару-жараққа деген қызығушылығының бар екенін биылғы «қанды қаңтар» оқиғалары растады. Сонда Талдықорған, Алматы, Тараз және Қызылорда қалаларының тергеу изоляторларына террористік топтар қарулы шабуылдар жасады. Сол шабуылдардың салдарынан құқық қорғау және арнайы қызметтердің қызметкерлері қаза тапты, көбісі жараланды. Мемлекетке залал келді», – дейді ІІМ ҚАЖ комитетінің мамандары.
Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаменті мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан сотталған адам ұялы телефонның көмегімен басқарған терактінің алдын алды.
ҚАЖ жүйесінде ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Рустам Илюкиннің мәліметінше, ұялы байланыс құралдарын арнайы контингент ҚАЖ мекемелерінен қашуды, жаппай тәртіпсіздіктер мен топтық бағынбауды ұйымдастыру мақсатында пайдалануы мүмкін. Мысалы, 2010-2011 жылдары сотталғандар ұялы телефон көмегімен және бостандықтағы террористік қылмыстық топтардың қолдауымен Ақтаудағы ГМ-172/1 және Балқаштағы АК-159/21 мекемелерінен топтық қашуды жоспарлап, ұйымдастырған. Олар қаруланып алған.
Қорыта айтқанда, түрмелерге еніп кеткен ұялы телефондардан келетін кесір «көл-көсір» көрінеді. Бірақ түзеу мекемелеріндегі байланысты толық бұғаттау мүмкін болмай отыр. Сонда қайтпек керек?
Түйткілдің түйінін тарқату үшін «Байланыс туралы» заңға және Қылмыстық-атқару кодексіне өзгеріс енгізетін жаңа заң жобасы әзірленді. Онда сотталғандардың ұялы байланысты заңсыз пайдалануына тосқауыл қоюдың бір тетігі қарастырылған. Оған сәйкес, абонентке қызмет көрсету тоқтатылады. Бұдан кінәсіз тұтынушылар зардап шекпей ме? Қылмыскерлердің телефоны қалай анықталады?
Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, заңсыз құрылғының жұмысы сәйкестендіру коды арқылы анықталады. Бұл тәсіл мемлекеттік радиожиілік қызметінің бөлімшесі саналатын Ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары дерекқорының операторы (СКД операторы) арқылы жүзеге асырылады деп күтілуде.
Қимыл алгоритмі келесідей: біріншіден, қылмыстық-атқару жүйесінің органы арнайы техникалық құралдардың көмегімен пеленгация жүргізіп, түрме аумағында жұмыс істеп тұрған мобильді құрылғыларды табады. Одан қызметкерлердің құрылғылары алып тасталады. Екіншіден, түзеу мекемелері территориясында заңсыз әрекет ететін құрылғылардың IMEI-кодтарының (әрбір ұялы телефонның бірегей сериялық нөмірі) тізімі қалыптастырылады. Үшіншіден, сол құрылғылардың жұмысын тоқтату үшін IMEI-кодтар тізімі СКД операторына жолданады. Төртіншіден, СКД операторы аталған абоненттік құрылғылардың жұмысын тегіс бұғаттау шараларын қабылдайды. Ұқсас тәжірибе Қазақстанда бұрыннан бар: смартфонын жоғалтқан не ұрлатқан адам полицияға шағымданып, ол құрылғысын бұғаттап тастатқыза алады. Коды бұғатталған құрылғы жай пластикке айналады. Оны бұғаттаудан шығарып алу амалдары бар деседі. Дегенмен, темір тордағы заңсыз байланысқа тоспа құру үшін қолданыстағы бұғаттау жүйелеріне көмек ретінде аталған тетіктің де болуы маңызды. Дәл осындай күрес тәсілі 2021 жылғы наурыздан бері Ресейдегі түзеу мекемелері аумағында қолданылады.
Үкіметтің жоспары бойынша осыны қарастыратын заң жобасы 2023 жылғы наурызда Мәжіліске енгізіледі. Мамырға дейін қабылданып, күшіне енуі тиіс. Ал маусымтамызда заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізіліп, тетік іске қосылуы керек. Ел үшін оның мейлінше тезірек өмірге жолдама алғаны маңызды. Бұған тек келесі жылғы Парламенттік сайлау кедергі болуы мүмкін.