Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Ресейден қашқандардың күрт артуы: Шекарашылар депутаттарға шағымданып жатыр

Депутат Бақытбек Смағұл Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі Солтүстік Қазақстан шекарашылары хат жазғанын мәлім етті, деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

Ресейден қашқандардың күрт артуы: Шекарашылар депутаттарға шағымданып жатыр
фото: hannews.kz

«Биыл көрші Ресейдегі саяси жағдайға байланысты Ресей Федерациясы  азаматтарының Қазақстанға миграциясы күрт артып, Шекара қызметіне шектен тыс ауыртпалық түсіргені мәлім. Көрші мемлекетте күрделі ахуалдың сақталғанын ескерсек, бұл проблема алда қайталанып қана қоймай, ушығуы мүмкін», - деді Бақытбек Смағұл.

Депутат мәселеге өзі көз жеткізгенін айтады. Көші-қон саласындағы процестерді реттеп, шекарада коллапстың туындауына жол бермеу үшін бірінші кезекте шекаралық өткізу бекеттерін заманауи жабдықтармен жабдықтау, оларға лайықты ғимарат бөлу күн тәртібінде өткір тұр дейді ол. 

«Нақтылай кетсем, «Петропавл» шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметкерлері көлік құралдарын күту залдарынының болмауын мәселе етіп көтерді. Мысалы, шекарадан өтетін машина ғимарат ішіне кіріп, рентген құрылғы көмегімен тексеруден өтуге тиіс. Ол болмаған соң шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметкерлері көлік құралдарын далада, қол құрылғыларымен, итпен тексеруге мәжбүр. Жаңадан өз алдына бөлек ғимарат салынып, ол халықаралық талапқа сай жабдықталуы қажет. Өткен ғасырдағы тәсіл және ол қазіргі заманда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жарамайды. Оның үстіне бұл бақылау тым көп уақыт алып, шекаралық өткізу бекетінің, уақыт жағынан да, тиімділігі жағынан да өткізу қабілетін төмендетеді», - деді депутат.

Тағы бір проблема – паспорттық бақылауды және қол жүгін тексеруді жүзеге асыру үшін қажетті арнайы орындар мен кабиналардың жоқтығы. Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан Петропавл теміржол вокзалы Ресей Федерациясына 50 жылға жалға берілген. Бұл ретте Петропавл теміржол вокзалының 2-ші қабатындағы жолаушылардың күту залы бос тұр. Сол жерде будкаларды, ленталы тексеріс құралдарын орнату керек. 

«Яғни, мұнда Қазақстаннан шығатын және Қазақстанға келетін жолаушыларды тіркеу үшін ешқандай жағдай жасалынбаған. Қызметкерлер амалсыздан, қызметін жол жүру барысында жүзеге асырады. Қарапайым тілмен айтқанда, олар пойыз вагондарына отырып жатқан жолаушылармен жағаласа кіріп, тексерісті жол бойы, қолайсыз жағдайда, әр жолаушының соңынан қуалай жүріп, вагондар ішінде жүргізуге мәжбүр. Дұрысы, шекаралық бақылау және ресімдеу рәсімдері стационарлы жағдайда, вокзал ішінде жүргізілуге тиіс»ғ – дейді Бақытбек Смағұл.

Депутаттың айтуынша, көлік-транзиттік әлеуеттің дамуына, халықаралық қатынас жолдарының кеңеюіне байланысты, сондай-ақ  ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерге лайықты қарсы тұру, өткізу пункттерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, шекаралық ынтымақтастықты дамытуға жағдай жасау үшін шекаралық бақылауды жетілдіру және жаңа заман талаптарына сай жүзеге асыру маңызды. Теміржол өткізу пункттеріндегі шекаралық бақылауды теміржол вокзалы ғимаратының ішінде ұйымдастыру қажет. Бұл ретте паспорттық бақылауды және қол жүгін тексеруді жүзеге асыру үшін аталған вокзалда арнайы орындар мен кабиналарды, пойызды күту залдарын жабдықтаған жөн.