Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Екібастұз ЖЭО-сындағы апат: облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды

Екібастұзда жылу қазандығының істен шығуына байланысты облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

Екібастұз ЖЭО-сындағы апат: облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды
Фото: ашық дереккөз

2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-да сағат 01.30-да жылу желілеріндегі зақымдануларға байланысты желілік судың қысымы төмендеді, нәтижесінде №11, 13, 14, 15 су жылыту қазандықтары тоқтатылды, сондай-ақ №8 энергетикалық қазандық қолмен тоқтатылды.

Жылу желісін толықтыру сағатына 400 тонна болып тұр, норма кезінде бұл көрсеткіш шамамен сағатына 900 тонна. Жылу желілеріндегі жеткізу температурасы: график бойынша – 87 градус, іс жүзінде 51 градусқа дейін төмендеді.

Жергілікті жерде барлық техникалық қызметтердің, энергетикалық кәсіпорындар басшылығының және ҚР Энергетика министрлігі өкілдерінің қатысуымен облыс әкімі бастаған жедел штаб құрылды.

Қазіргі уақытта Екібастұз ЖЭО-да 4 қазандық жұмыс істеп тұр, жылу желісі айналымда. Жылу желілеріндегі зақымдануды жоюға жедел бригадалар жұмылдырылды, орамдық желілерде 5 ақау анықталды, басқа да зақымдануларды іздеу жұмыстары жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысы Екібастұз қаласы тұрғындарының Екібастұз ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы туралы шағымдары бойынша ҚР Энергетика министрлігі құрамында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің және әкімдіктің өкілдері бар Арнайы комиссия (Комиссия) құрған болатын.

2022 жылғы 9-10 тамыз аралығында комиссия Екібастұз ЖЭО-да болды. Сапар барысында негізгі жабдықтың жөндеу жұмыстары және төмен теріс температуралар кезеңінде жүктемені көтеру дайындығы тексерілді.

Станцияны аралау барысында ЖЭО басшылығына жөндеу жұмыстарын жеделдету тапсырылды. Жалпы, электр станциясында 5 энергетикалық және 5 су жылыту қазандығы, сондай-ақ 1 бу турбинасы орнатылған.

Комиссия жылу құбырларының тозуының жоғары деңгейін ерекше атап өтті, ол 70%-дан асады. Жылу құбырларының қазіргі тозуы жылу желілеріндегі, әсіресе жылыту маусымдарының басында жыл сайынғы жоғары апаттылықтың негізгі себебі болып табылады.

Жылу желілері құбырларында жөндеу жұмыстарының қажетті және жеткілікті көлемін жүргізуге әсер ететін негізгі жүйелі проблемалардың бірі жылу энергиясына қолданыстағы төмен тариф болып табылады. Жылу құбырларының жалпы ұзындығы 342 км., жыл сайын шамамен 3-4 км.жылу желілері ауыстырылады.

Табиғи монополиялар субъектілерінің жылу энергиясын өндіру және беру тарифтерін белгілеу Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің құзыретіне жатпайды және табиғи монополиялар субъектілерін реттеу жөніндегі мемлекеттік органның құзыретіне жатады.