Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

«Мәсімовтің ісін алқабилер соты қарай алмайды» – Жоғарғы сот

Мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылып отырған ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісін алқабилер соты қарай алмайды. Бұл туралы Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. 

«Мәсімовтің ісін алқабилер соты қарай алмайды» – Жоғарғы сот
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс кулуарында журналистер Жүкеновтен Мәсімов алқабилер сотына үміттене ала ма деп сұрады.

"Жоқ. Алқабилер сотының қарауына жатпайтын белгілі бір істер бар", - деп қысқа қайырды ол.

Мәсімовтің ісіне "құпия" деген гриф берілді. Сол себепті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасының үстінен қозғалған іс сотта жабық қаралады.

Жүкеновтің айтуынша, құпия істер парламент тиісті заңға өзгерістер енгізген жағдайда ғана жария болады.

"Кез келген мемлекетте ұлттық қауіпсіздікті қорғау мәселесі бар. Сондықтан мемлекет кейбір ақпаратты жасыруға құқылы. Бұл заңмен реттелуі керек. Біз заң бойынша жұмыс істейміз. Егер заңды өзгертсе, онда негіз пайда болады. Бұл іс (Мәсімовтің ісі - Sputnik) құпия және солай болады. Бірақ, менің ойымша, сіздерге қандай да бір ақпарат беріледі. Өйткені мемлекет қолжетімділікті қамтамасыз етуге тиіс", - деді ол.

6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылды. Кейіннен оның ұсталғаны белгілі болды.

Мәсімовке Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі ("мемлекетке опасыздық жасау"), 179-бабы 3-бөлігі ("билікті күшпен басып алу") және 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша ("билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану") айып тағылып отыр.

Жақында ҰҚК-ның бұрынғы төрағасының ісі сотқа жолданды.