Прямая трансляция

Астана

Астана

-17.03°C

Мұхтар Мағауиннің АҚШ-та сөйлеген сөзі көпшіліктің жүрегін елжіретті

Күні кеше ғана еліміздің түкпір-түкпірінде Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтілді. Биылдан бастап дәстүрге енген мерекені шартараптағы қазақтар да тойлады, деп хабарлайды paryz.kz ақпарат агенттігі «Egemen Қазақстан» басылымына сілтеме жасап.

Мұхтар Мағауиннің АҚШ-та сөйлеген сөзі көпшіліктің жүрегін елжіретті
фото: egemen.kz

Осы орайда Америкадағы қазақ қауымдастығы өткізген мәдени-сазды кешке ерекше тоқталғымыз келіп отыр. Мерекелік концертке Уашингтоннан шалғай жатқан шаһарлардағы қазақтар да арнайы келіпті. Салтанатты жиынға заңғар жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин де қатысып, сөз сөйледі. Ұлтымыздың тағдырлы тарихынан сыр шерткен қаламгердің сондағы сөзін қаз-қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

Республика күні қайырлы, құтты болсын. Той тойға ұласа берсін. Мұндайда адамның көңілі ерекше толқиды. Бұдан 30 жыл бұрын заман да, адамдар да басқа еді. Әркім аузын бағып сөйлейтін. Мен әдебиетші болған соң, тарихтан хабардар болғаннан кейін түсінігім бірталай болды. Бірақ сол артық сөз айтпауды да елден бұрын үйрендік. Мен тәуелсіздік заманға дейін ер жеткен баламнан бұрын екі-ақ адаммен еркін сөйлесе алған екенмін. Оның біреуі – қазақтың үлкен жазушысы Әбіш Кекілбайұлы. Екеуміз бірге оқыдық, бірге тұрдық. Сонда елдің жағдайынан бастап барлық әңгімені айтатынбыз. «Шіркін, тәуелсіздік алсақ» дейтін едік. Ол кезде Африка елдері қатар-қатарынан егемендік алып жатты. Көңілде мұң бар, арман бар, еркін сөйлесетінбіз. Әбіш кейін үлкен қызметке кеткен соң, бұл тақырыпты қозғамайтын болдық.

Ал екіншіcі – чуваштың ха­лық жазушысы Мишши Юхма. Менен 1-2 жас үлкендігі бар. Екеуміз еліміздің жайы туралы көп сөйлесетінбіз. Еркін. Екеу­міздің айтпайтын әңгімеміз жоқ, арманымыз таусылмайтын. Бұл, шамамен, өткен ға­сырдың 70-жылдары. Арада қан­шама жыл өткен соң, 1998 жылы Түркияда кездестік. Мен «Түркі дүниесіне еңбегі сіңген» деген атақты алдым. Юхма да сол атаққа ие болыпты. Сүлеймен Демирелдің қолынан сыйлығымызды алдық. Сонда сөйлескенімізде Мишши Юхма: «Мына сен арманыңа жетіп­сің. Біз әлі қапаста, империяның шең­гелінде отырмыз. Баяғыда сен: «Біз арада елу жыл өте ме, өтпей ме, қайтадан тәуелсіздік ала­мыз», деп айтып едің. Сонда мен: «Тәуелсіз Қазақстанда Це­линный крайды қайтесіңдер?» дедім. Ал сен: «Адам жанын сақ­­тау үшін, амандығын сақтау үшін саусағын ғана емес, аяқ-қо­лын кесіп беруге дайын болады. Егер жағдай өзгермесе, оған дейін Целиноградты тас­тап шығамыз», деп айтқансың. Ал енді Целинный край да орнында, сендер де тәуелсіздік алдыңдар», деп көңілі босап еді.

Құдайға шүкір, әлі күнге де­йін әлемдегі көп халық жете ал­май жатқан жағдайға қазақ жет­ті. Тәуелсіздікті қазақ сияқты аң­саған, армандаған халық дү­ниеде кемде-кем. Адам қапаста отыр­ғысы келмейді. Еркіндікте бол­ғысы келеді. Ал халық үшін тіпті қиын. Сонда біздің арғы заманнан бастап Алтын орда құлағаннан кейінгі уақытта, орыс жаулаушылығы Еуразияға жа­йылып келе жатқан кезден бас­тап қазақтар дүние қалай болады деп қам жеді. Бұқар жыраудың атақты бір өлеңі бар.

Күнбатыстан бір дұшпан

Ақырда шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Басқаның аты боп

Күншығысқа қарайды,

Шашын алмай тарайды.

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Сол сықылды бір кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа.

Жаяулап келер жұртыңа!

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жебірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны

Сөйлетпей, ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан!

Бұл – белгілі бір халыққа арнап айтылған сөз емес, жалпы отаршылдыққа қарсы сөз. Одан кейінгі заманда Махамбеттің қамыққанда айтқаны бар.

Бұл қонысқа қондырған

Ата-бабам оңбасын,

Таңда – сират басында.

Отаршылдықтан құтылудың еш амалын таппаған. Одан кейін Шортанбай, Мұраттардың қаншама өлеңі бар. Міне, қазақ соншама заман тәуелсіздікті аң­сады. Кейінгі Алашорда қай­раткерлері де көп нәрсені аш­ты, көп нәрсені орындап, біраз нәрсенің жолын салып кетті. Мағ­жанның өлеңдері айрықша. Сол тәуелсіздік біздің еншімізге бұйырды. Менің заманым қа­зақ­тың кішкене әлсіре­ген, шарша­ған уақыты болды. Қайт­кенмен де, Тәңірі жарылқап, тағдыр­дың жазуымен тәуелсіздік алдық. Ен­ді соның қызығын көріп отырмыз. Қадірін білмей жатқан жағ­дайымыз да бар. Осыны айтып отыру керек. Болашақ ұр­пақтың өмірі мүлде басқаша бо­лады. Ал енді осы той тойға жалғаса берсін. Еліміз өткендегі барлық қиындықтан арылып, алдағы заманда үлкен нәтижеге жететін болсын. Халқымыз­дың саны көбейсін. Еліміз өркен­дей берсін. Қазақ аман болсын, Қазақстан дәуірлей берсін. Қазақстанның құрамындағы диаспоралардың бәрі қазақтың төңірегіне үйіріліп, қа­зақтың тілеуін тілейді деп ойлаймын.

АҚШ,

Уашингтон шаһары,

2022 жыл, 28 қазан