Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

«Екінші президентке зорға жеттік емес пе?!» - Қазыбек Иса

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасын қолдайтынын айтты, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. 

«Екінші президентке зорға жеттік емес пе?!» - Қазыбек Иса
фото: parlam.kz

Оның пікірінше, бұл жаңа саяси жүйе арқылы мемлекет пен қоғамдағы барлық жаңаруға жол ашады.

«Президенттің жалпы өкілеттігі 2 мерзімнен 1 мерзімге қысқарады. Бұл жаңа нормаларды биылғы президент сайлауына дейін қабылдаған жөн. Әйтпесе, Конституцияның қазіргі ережелері бойынша биыл президент болып сайланатын адамға жаңа нормалар бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлануға мүмкіндік беретін заң туындайды...

Егер Конституциялық өзгерістер президент сайлауынан кейін болса, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 5 жылға сайланса, онда жаңа сайлау заңына байланысты тағы да 7 жылдық президент сайлауына қатысу құқы болады. Ондай, үшінші рет сайлауға түсіп, өткен жағдайда, Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 7 жылдық мерзімі 12 жылға созылып, 2029 жылы емес, 2034 жылы аяқталады. Ал бұған халықаралық заңдылық бойынша ешқандай күмән жоқ. Осы 5 жыл айырмашылық, артық мерзімді Тоқаев азаматтық ерік-жігермен өз қолымен кесіп, бір мерзімдік президенттікті ұсынып, демократиялық қадамға жол ашып отыр», - деді депутат.

Қазыбек Иса Конституцияға түзетулер алдағы сайлауға және президент 7 жылдық мерзімге сайланғанға дейін қабылданса, осы жолғы президентке және одан кейінгі барлық мемлекет басшысына президент сайлауына қайта қатысуға заңмен тыйым салынатынын атап өтті.

Депутат президентті бір реттік мерзімге сайлау демократиялық алға басудың айқын қадамы және саяси реформалардың жалғасы деген ұстанымда.

«1. Президенттікке бір рет қана сайлану - екінші кезеңге үміт арту жойылғандықтан, президент бар күш-қуатын, білік-білімі мен іскерлігін  өмірінде бір рет қана берілген мүмкіндікте барынша жұмсап қалады. Келесі президенттікке түсуді ойлап, түрлі саяси айла-амалдарға бармайды.

 2. Әр президенттің екінші мерзімге сайланбайтыны ең алдымен келесі болатын жаңа президент үшін жарқын жол ашу, демократиялық зор қадам. Өйткені, сайлау екі мерзім болған жағдайда, әр президенттің жаңа президенттікке үміткерден гөрі қайта сайлануға мүмкіндігі көп болатыны белгілі. Сондықтан Тоқаевтың бір мерзім ғана президенттікті енгізіп, келесі президентке айқын жол ашуы тек қолдауға лайық, көптеген елдер арасындағы алғашқы либералдық қадам.

3.Осы біз президенттікке ешқандай мерзімсіз көп сайланудан аузымыз күйген ел емеспіз бе? Отыз жылда еліміз екінші президентке зорға жетіп отырған жоқ па? Өзіміз екінші президентті көре алмай кетеміз бе деп едік, құдайға шүкір көрдік... Ал жаңа норманы қазір енгізсек, 30 жыл емес, 14 жылда жылда екі президент болады. Енді президент Тоқаевтың өзі екі мерзім сайлануға мүмкіндік қолында тұрса да, бір мерзім ғана сайлауды өзгермейтіндей етіп, Ата заңға жазып қоюды ұсынып жатқанда, қолдаудың орнына, «неге президент бір рет қана сайлануы керек» деп, қисық тартып жатқандарға не деуге болады?», - деді ол.