Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Қалпына келтіруге бір ғасыр керек": Қостанайдағы өрттің салдары айтылды

Экология министрлігі Қостанайдағы тілсіз жаудың табиғатқа келтірген шығынын есептеп жатыр.

"Қалпына келтіруге бір ғасыр керек": Қостанайдағы өрттің салдары айтылды

Жауапты ведомство отқа оранған ағаштарды қайта отырғызып, орманды жасыл желекпен көмкеруге қыруар қаражат пен ұзақ уақыт кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

“Қостанай облысының мемлекеттік орман қорының ауданы 1,1 миллион гектар, оның ішінде орманмен жабылған ауданы 270 мың гектар. Біз мамандардан қалпына келтіру туралы сұрадық. Ол үшін өрт болған аумақты түгел тазалап шығу керек екен. Одан кейін ағаштар егіліп, қайта қалпына келуге біраз жыл қажет. Оны алдағы уақытта есептеп айтамыз. Қазақстан орманды мемлекет емес. Жаңылмасам,еліміздің 5%-ы орманмен қамтылған”, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қоғаммен байланыс департаментінің директоры Олжас Беркінбаев.

Қостанай облысында ауданы 300 мың гектарға жуықтайтын жасыл желекті алқап елдегі ең қалың орман саналады. Қызыл жалынның құрсауында қалған жасыл алқапта көктерек, қайың, қарағай ағаштары өскен. Сондай-ақ 158 түрлі құс мекендеген. Оның 16-сы Қазақстанның Қызыл кітабына еніпті.

Ал тұяқты жануарлардан бұғы, елік, марал, бұлан кездеседі. Өрт күш алғанда қашып үлгермей қырылып қалған құс пен жануардың нақты саны әзірге белгісіз. Қазір орманда жалын әлі толық ауыздықталған жоқ.

Мамандар аумақты күл-қоқыстан толық тазартуы тиіс. Сосын ағаштарды қайта отырғызу жұмысы жүргізіледі. Экобелсенділер тал-теректің өсуіне кемі 15 жыл керек дейді. Ал табиғатқа келтірілген залалды толығымен қайта қалпына келтіруге бір ғасырға жуық уақыт кететінін жасырмайды.

“Негізі орманды қалпына келтіруге көп жыл керек. Осындай ағаштардың оннан он бес жылға дейін өседі. Жалпы экожүйеге сүйенсек, орманды қалпына келтіруге 70 жылдан 150 жылға дейін уақыт керек. Әрине, табиғатқа өте үлкен зардабы келді. Жыл сайын орман өртінің салдарынан фаунаның бүкіл әлемде 50%-ы өліп жатады. Кез келген орман өрті 90%-ға адамдардың кесірінен туындайды. Бұл қарапайым техникалық ережелерді сақтамаудан”, – дейді экобелсенді Сәкен Ділдахмет.

Ведомствоның соңғы ақпараты бойынша Қостанай облысында жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.