Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

"Шарықтаған баға, жұмыссыздық... 8 айда ештеңе жасай алмаған Үкіметке енді өз басым сенбеймін" – депутат

Депутаттар жазғы демалыста ел аралады. Әсіресе, ауыл халқының хал-жағдайын біліп, айтарын тыңдады, – деп хабарлайды paryz.kz ақпараттық агенттігі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап. 

"Шарықтаған баға, жұмыссыздық... 8 айда ештеңе жасай алмаған Үкіметке енді өз басым сенбеймін" – депутат
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, Ұлттық құрылтай және Парламенттегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Маңғыстауға барған сапарының қорытындысы туралы  Facebook парақшасында жазды.

«Елдің көңілі референдумға дейінгідей емес. Жабырқау... Күткен жаңалықтың көңілден шықпағаны көрініп тұр. Шарықтап кеткен баға, титықтатқан жұмыссыздық, теңіздің қасында отырып, ауызсуға жарымау, айта берсең проблема шаш етектен.

Құрылыс жұмыстарына қаржы жетіспейді, жобалық-сметалық құжаттар түгелге жуық корректировкадан өтуі керек. Оған да қаржы жетіспей жатырғанын айтады құрылысшылар. Арты не болмақ?

Мектептегі сағат қысқартудан босаған мұғалімдер мәселесі тағы бар.

Жанар-жағармай дефициті. Біз мұнай мен газдың үстінде отырған елміз, үш мұнай өңдеу зауытымыз бар. Бұл қалай сонда?!

Қант тапшылығы неше ай болды, әлі реттелген жоқ, реттелетін түрі де көрінбейді.

Осыларды жүйелі шешуге бағытталған жобалар да көрінбейді. Бұл біреуді кінәлау емес, халықтың айтып отырған –назы мен сыны. Ел қатты қиналып отыр. Жағдай «ескі Қазақстаннан да» жаман болып кетті деп айтып отырғандар бар.

Менің ойым айтады:

Ескі жүйеде жұмыс істеп қалған шенеуніктер, жаңа жағдайға бейімделе алмай, жаңаша жұмыс істей алмай отыр. Ескі «Жигули» қанша әдемілесең де «Тойота» бола алмайды. Қанша рет айттық, жаңа кадрлар керек деп. Бәрін жасайтын адам, 8 айда ештеңе жасай алмаған Үкімет, енді бірдеңе қатыра қояды дегенге өз басым сенбеймін. Ренжімесін жігіттер.

Әлі күнге дейін экономиканы «жаулап» алған олигархтар кетпеген. Сол баяғы «өркеш майды» сору жүріп жатыр. Бір схемадан, екінші схемаға ауысып. Әйтпесе күні кеше тым жақсы сатылып тұрған дизель отыны мен бензин неге жоқ? Сол баяғы тарифтер, сол баяғы «откаттар», сол баяғы жемқорлық, сол баяғы әуе билеттерінің қымбатшылығы және т.с.с.

Саботаж. Ескі кадрлар мен экономикаға кіріп алған «паразиттер» Мемлекет басшысының халық алдында беделін түсіріп, тақтан тайдыру. Алдағы уақытта олар өздерінің қуаттары мен ресурстары күйреп, халықтың әл-ауқаты артатынын біледі. Шамалары келгенше қарсыласуда. Қарсылық барлық салада және деңгейде жүріп жатыр.
«Шарықтаған баға, жұмыссыздық... 8 айда ештеңе жасай алмаған Үкіметке енді өз басым сенбеймін» – депутат

Не істеу керек?

Биліктің барлық тармағына жаңа, таза адамдарды әкелу қажет. Тек мемлекет мүддесін ойлайтын. Ондай азаматтар 19 миллион халық ішінен табылады.

Екінші. «Паразиттерді» құрту керек, әйтпесе қоғамда үлкен «эпидемия» болады.

Үшінші. Мұны тез жасау керек. Жаңа жылға дейін. Шыдамның да шегі бар екенін ұмытпаған жөн!», – дейді депутат.