Прямая трансляция

Астана

Астана

-13.03°C

Сот моральдық зиян келтіргені үшін ақтөбелік дәрігерлерді 20 миллион теңге төлеуге міндеттеді

Ақтөбе қалалық соты жақында прецедент болуы мүмкін шешім шығарды. Бұрын-соңды облыста дәрігерлерден мұншалықты моральдық зиян өндіріліп алынған емес. Бұған дейін Ratel.kz Әмина РАСБАЕВАНЫҢ тағдыры туралы жазған еді, деп хабарлайды Paryz.kz

Сот моральдық зиян келтіргені үшін ақтөбелік дәрігерлерді 20 миллион теңге төлеуге міндеттеді
фото: egemen.kz

Әмина 2019 жылдың шілдесінде дүниеге келген. Ақтөбелік дәрігерлер баладан неонатальды сары ауру белгілерін байқаған. Алайда, ақ халаттылардың өз жұмысына жауапсыз қарағанынан жаңа туған нәресте реанимациядан бірақ шығады, ол кезде ауру ядролық сарғаюға айналып үлгергені анықталады.

Бала бір ажалдан аман қалды, бірақ ауру ми мен орталық жүйке жүйесіне әсер етті. Мұның салдары церебралды сал ауруына алып келді. №2 емхананың учаскелік педиатры Эльмира ҚОЙГЕЛДИЕВАНЫҢ (кейін тегін өзгертіп, ХАМЕТОВАҒА айналған) және емхана басшылығының кінәсі тексеру барысында дәлелденді. Педиатр дәрігер басталып келе жатқан сарғаю белгілеріне назар аудармағандықтан, бала кейіннен ауыр жағдайда реанимацияға түсіп, оның түбі мүгедектікке ұласқан. 

«Дамыған ядролық сарғаю... дәрігер Қойгелдиеваның тиісті медициналық көмек көрсетпеуі нәтижесінде мидың қайтымсыз өзгерістері түрінде жүйке жүйесі тарапынан ауыр зардаптарға, атап айтқанда, ақыл-ойдың төмендеуіне алып келді», - деп анықтады сарапшылар. 

Баланың ата-анасы дәрігерлердің заң бойынша жауап беруін талап ете бастады. Бірақ бұл оңай болмай шықты. Ол кезде Қойгелдиева жұмыстан шығып, өзге жеке клиникаға жұмысқа тұрып үлгерген. Полиция Қойгелдиеваның кінәсінің дәлелі бар екенін, бірақ оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жеткіліксіз екенін мойындады.

Прокурорлар мен полиция мәлімдегендей, болған оқиғаға №2 қалалық емхана да, Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы да, Қарғалы қалалық ауруханасы да кінәлі болып шыққан. Учаскелік емхананың басшылығы жұмысты нашар ұйымдастырды, ал перзентханада баланың қан тобы дұрыс анықталмады. Дәрігерлердің кінәсін растап, полиция бұл істі тоқтатады. Баланың мүгедек болғанына кім кінәлі екені белгісіз. Сәбидің ата-анасы жоғарыдағы басшылардың табалдырығын тоздыра бастаған соң іс қайта жанданады.

Полиция істі заңсыз тоқтатып, сарапшылардың маңызды құжаттарын жасырып, тергеу жүргізгісі келмеді. Әр жолы тергеу бірдей қорытындыға түйісе берген: дәрігерлердің кінәсі бар, бірақ олар баланың денсаулығына зиян келтіргені үшін заң бойынша жауап бермейді. 

«Расбаева Әминаға медициналық көмек көрсетудегі кемшіліктер мен дефектілер дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін жеткіліксіз», - деп жазды тергеушілер.

Істің әділетті жүруінен әбден күдер үзген ата-ана соңында істің қайта басталуына қол жеткізеді. Бұл жолы тергеу барлық дәрігерлердің кінәсін нақты анықтайды. Сот алдына қалалық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері: реаниматология бөлімшесінің меңгерушісі реаниматолог дәрігер Айгүл БЕКЖАН, жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінің меңгерушісі Ләззат ПРМАХАНОВА, неврологиялық бөлімшенің меңгерушісі Светлана ХАМЗИНА, сондай-ақ, баланы емдеуші дәрігер Надежда КОНРАД келуі тиіс болатын. Бірақ бұл уақытқа дейін дәрігерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту мерзімі аяқталып қойған еді. Қылмыс сәтінен бері екі жылдан астам уақыт өтті – полиция қолдарын бір сілтеп, осы жылдың наурыз айында ескіру мерзімінің аяқталуына байланысты қылмыстық істі тоқтатты. Ісі тоқтаған барлық дәрігер бұл қылмысты жасағандарымен келісті.

Әминаның ата-анасы сотқа барып, дәрігерлердің баласын өмір бойы мүгедек қылғаны үшін моральдық шығын ретінде 50 миллион талап етеді.

Сот №2 қалалық емхана, Көпсалалы қалалық балалар ауруханасы, Қарғалы қалалық ауруханасынан 20 миллион теңге өндіріп берді.

15 миллион теңгені Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы төлеуі тиіс. Сот шешімінде айтылғандай, баланың өмір бойына мүгедек болып қалуына солардың әрекеті себеп. Ал 5 миллион теңгені сот №2 қалалық емхана және Қарғалы қалалық ауруханасынан өндіріп берді, өйткені «перзентхана мен учаскелік педиатрда көрсетілетін медициналық көмектің ақаулары кәмелетке толмаған Расбаеваның денсаулығы үшін қолайсыз нәтиженің дамуына ықпал ететін факторлар болып саналады».