Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Бүгін – Абай күні

Бүгін, 10 тамыз – Абай күні. 2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» дейтін мерекелік дата болып бекітілген болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Бүгін – Абай күні
Фото: inform. kz

Абай күні ретінде 10 тамыздың белгіленуі бекер емес. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа танымал болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлы туған күн таңбаланып келді. Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында осы күн күнтізбеге Абай күні ретінде ресми бекітілген еді.

«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі: мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын: «22-1. Абай күні – 10 тамыз». 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі», - деп жазылған Үкімет қаулысында.

«Абай – қазақтың төлқұжаты» деген қанатты сөз біртіндеп шындыққа айналып келеді. Ақынның 175 жылдық мерейтойы аясында 2020 жылы әлемнің 70-ке жуық елінде Абай тойына арналған 250-ден астам түрлі іс-шара ұйымдастырылды.

Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комиетінің деректері бойынша, 2020 жылы Абайдың толық шығармалары әлемнің 10 тіліне, атап айтсақ, француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италия тілдеріне аударылып, басылған. Аударманың әрқайсысы 3 000 данадан кем болмауы ескерілген.

Оның сыртында Бельгия, Сингапур, Эфиопия, Болгария, Чехия, Монғолия, Грузия, Түркия, БАӘ, АҚШ, Мысыр, Пәкістан, Мажарстан, Иран, Үндістан, Малайзия, Литва елдерінде ойшылдың атындағы орталықтар мен клубтар, ақын ескерткіші мен саябақтары ашылды.

Ақынның азан шақырып қойған аты – Ибраһим. 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген. «Сегіз аяқ» дейтін толғауында өз айтқандай, Құнанбайдың Ұлжан атты әйелінен тараған төрт баланың екіншісі осы Ибраһим еді. Оның өз кіндігінен Ақылбай, Хакімбай, Əбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан, Турағұл, Мекаил, Ізкаил, Кенже есімді балалар тараған. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс Абай әулетінің де шаңырағын ортасына түсіріп кетті деуге болады. Қазақтың шежірені ұл баламен тарататынын ескерсек, ашық көздердегі дерек бойынша, ойшылдың тұңғыш ұлы Ақылбайдан тараған бесінші буындағы ұрпағы Данияр Ақылбаев қазір Алматыда тұрып жатыр. Дана, Кәмила, Меруерт деген перзенттері бар.

Ақылының толысып, абыройының кемеліне келген шағында Абай билікке араласып, 1875-78 жылдар аралығында болыстық құрғаны тарихтан белгілі. Артында, жүздеген өлеңі мен ондаған әні, поэмалары мен 50-ге жуық «қара сөзі» қалды.

Орыс әдебиетінен Пушкин мен Крыловты, Батыс әдебиетінен Гете мен Байронды аударды. «Масғұт», «Ескендір» поэмаларын оқыған адам ақынның Шығыс әдебиетінің жауһарларымен етене таныс болғанына көз жеткізеді. Батыс пен Шығыс әдебиетін тел еміп, одан алған азығымен қазақ әдебиетін байытқан ойшылды ұлт руханиятының реформаторына теңейтіндер бар. Былтырғы 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай шығармалары француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италия, грузин, иврит, қырғыз, малай, монғол, нидерланд, португал, украин, өзбек, хинди тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып шықты. Республика бойынша 31 елді мекен, 1300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекемесі ойшыл ақынның есімімен аталады.