Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Елордалық медицина қызметкерлері үстемақыларын ала алмай дал

Бухгалтерлер ішкі есікті ашпай қойса, бас дәрігер орнында жоқ. Орынбасары 8 жарым минллион теңгедей үстемақының 2 ай бойы кешіктірілуінің мәнін өзінше түсіндіруге тырысты...

Елордалық медицина қызметкерлері үстемақыларын ала алмай дал
фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтанда фельдшерлер мен жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері үстемақысын ала алмай жүр. Айтуларынша, қыркүйек пен қазан айлары үшін 8 жарым миллион теңгені басшылық түрлі сылтаулармен әлі күнге төлемеген. Тиесілі ақшасын екі айдан бері даулағандардың шыдамы ақыры шегіне жетіпті, деп хабарлады paryz.kz, КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Қалалық теміржол ауруханасының жедел жәрдем қызметкерлері күн-түн демей, тиісті міндеттерін атқарып жүр. Бірақ, тиесілі үстемақыны уақытылы алу мұңға айналған. Басшылық екі айдан бері құр уәдемен тойдырып келе жатыр дейді наразы қызметкерлер.

"Күтіңдер. Әзірге бізде ақша жоқ. Бюджетте ақша жоқ, мында ақша жоқ дейді. Енді менің түсінбейтінім, басқа емханалар қалада алады. Мысалға, 14-емхана болсын, 10-емхана болсын, олардың барлығы алған. Енді біз бухгалтерияға өзіміздің ақшамызды алайық деп барсақ, олар бізге нақты жауап қайтармайды. Қалай сонда, біз өзіміздің ақшамызды өзіміз ала алмаймыз? Әлде қалада бақылау жоқ па? Үстеме беріп жатса, 400-500 мыңнан соны қарайтын комиссиялар жоқ па, мен соны түсінбедім", - дейді фельдшер Шыңғыс Тайшықарин.

Бухгалтерлер ішкі есікті ашпай қойса, бас дәрігер орнында жоқ. Орынбасары 8 жарым минллион теңгедей үстемақының 2 ай бойы кешіктірілуінің мәнін өзінше түсіндіруге тырысты.

"Мәліметтер ағынын орталықтандыруға келгенде бірқатар қиындықтар бар. Салдарынан қыркүйек айы үшін жұмыс істеген жедел жәрдем бригадаларының табелін емхана тарапы дұрыс бермеді. Ол деректерді тек қазанда алдық. Оны өңдеп, үстемақыға қайтадан өтінім жібердік. Ақша түсті. Міне, осы қараша айында береміз", - деді Орталық темір жол ауруханасы директорының орынбасары Николай Ким.

Бұл жауапқа жедел жәрдем қызметкерлерінің көңілі толмады. Өйткені, тағы әлдебір сылтаумен кейінге шегеріледі деп көңілдері күмәнді. Соған қарағанда, басшылық берген уәденің құны – көк тиын. Бірақ осы жолғы сөздерінде тұрады-ау деген үміттері де жоқ емес.