Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

Шетелдіктер Қазақстанның 5 өңірінде қаржы пирамидасын ұйымдастырған

Салымшыларға ай сайын жалпы салған сомаларының 6%-ы көлемінде, сондай-ақ, жаңадан тіркелген серіктестің салым сомасынан 5% пайда алатыны уәде етілген.

Шетелдіктер Қазақстанның 5 өңірінде қаржы пирамидасын ұйымдастырған

Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті шетел азаматтарының қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегін анықтады, деп хабарлады paryz.kz, департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өздерін "Unique finance" шетел компаниясының өкілдері ретінде таныстырып, тұрғындарға қаражаттарын "Pepsi", "Nike", "Microsoft", "Ford", "BMW" сынды халықаралық ірі компаниялардың бағалы қағаздарына инвестициялауды ұсынғандығы белгілі болды. Салымшыларға ай сайын жалпы салған сомаларының 6%-ы көлемінде, сондай-ақ, жаңадан тіркелген серіктестің салым сомасынан 5% пайда алатыны уәде етілген.

Осы компанияға ең төменгі салым 1000 долларды құрағанын атап өткен жөн. Бірақ, шындығында пирамида ұйымдастырушылары салымшыларға «бренд» компаниялардың жалған акцияларын ұсынып, олардың қаржысын иеленіп отырған. Олар мұндай заңсыз қызметті Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе және Орал қалаларында жүргізген. Қазір аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 217-бабы, 2-бөліміне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

"Құрметті азаматтар! Ақтөбе облысы бойынша ЭТД егер "Unique finance" компаниясына ақша қаражатын салған болсаңыз, ресми арызбен жүгіну қажеттігін хабарлайды", - делінген ҚМ ҚМК баспасөз қызметі.