Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Павлодардағы шағын ауданға 11 әкім де жол салып бере алмаған (ВИДЕО)

Тәуелсіздік алғаннан бері Павлодар қаласында 11 әкім ауысқан. Алайда ешқайсынан қайыр көрмедік деген бұқара қайда барарын білмей дал.

Павлодардағы шағын ауданға 11 әкім де жол салып бере алмаған (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз

Павлодарда бүтін бір шағын аудан тұрғындарының жол азабын тартып отырғандарына 30 жыл болады. Халық 11 әкімнің мәселесін шешіп бере алмағанына күйінеді, деп хабарлады paryz.kz, "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Жаңбырда батпақ кешкен жұрт көше жолдары бірде-бір рет жөндеу көрмеді дейді. Шағын ауданға орталық су құбыры тартылғанымен, үйлерге әлі ауызсу жетпепті.

Павлодардағы "Зеленстрой" шағын ауданында 500 отбасы тұрады. Тұрғындардың айтуынша, бұл жыл сайын қайталанатын көрініс - осы. Бұл жолдың жөндеу көрмегеніне 30 жылдан асыпты. Жаңбыр жауса, тұрғындар толарсақтан саз кешуге мәжбүр. Аяқ алып жүргісіз батпақтан қарға адым жер жүрудің өзі үлкен мұңға айналған. Осы шағын ауданды 20 жылдан бері мекен еткен Гүлнәр Рамазанованың жергілікті билікке өкпесі қара қазандай. Қаншама әкім ауысса да, ешбірі уәдесінде тұрмады деп күйінеді ол.

"Жолымыз жаман. Жасыратыны жоқ. Мына көше ондай болмаған. Сұмдық. Қарап тұрсаңдар, міне, бүкіл жер лай. Өзіміз жүре аламаймыз. Дүкенге бара аламаймыз. Адам жүретін тротуар жоқ. Шағын аудандағы тағы бір түйткіл – ауыз су мәселесі.  Өткен жылы құбыр тартылған, бірақ оның шапағатын көріп отырғандары бірен-саран. Өйткені көпшілігінің құбырды үйге дейін тартуға қалтасы көтермейді", - дейді Гүлнәр Рамазанова.

"Былтыр суды  өткізді. Алайда жер қатып қалды да, кейбір үйлер қосыла алмай қалды. Енді өздерің қосыңдар дейді. Өзіміз қосайық десек, зейнеткерлердің ақшасы да жетпейді. Жергілікті әкімдік ешкімге суды тартып бермейтінін ашық айтты. Ал жолды салуға асығар емес. Олар алдымен кәріз желісін тартып алмақшы", - дейді тағы бір қала тұрғыны Темірболат Жұмалин.

Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекованың айтуына қарағанда, Павлодар қаласының Құрылыс бөлімі "Зеленстрой" шағын ауданына кәріз жүйесінің желісін тарту бойынша жобалау жұмыстарын жүргізген. Қазіргі уақытта бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өткен.

"Бірақ жоба келесі жылы, яғни 2021 жылы басталатын болады. Сондықтан жол жөндеу жұмыстары құрылыс аяқталған соң ғана салынады", - дейді әкімдік өкілі.

Қордаланған мәселенің жақын арада шешілетін түрі жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері Павлодар қаласында 11 әкім ауысқан. Алайда ешқайсынан қайыр көрмедік деген бұқара қайда барарларын білмей дал. Кәріз тартылып, жол келем дегенше шенеуніктер ауысып, жоспар тағы өзгере ме деп қорқады.