Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Қазақстан цифрландыру заманында неге қол жеткізді?

Whatsapp, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінің төрешілік заманында, қарапайым халықтың жергілікті атқарушы органдарға өтінімдерін жіберіп, кері байланыс алу мүмкіндігі орнады.

Қазақстан цифрландыру заманында неге қол жеткізді?
Сурет: ашық дереккөз

Осы орайда, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге аса бастады. Алайда, бұл цифрландыру саласында тек бір тамшы су ғана болып есептеледі. Жаһандану кезеңінде еліміз кешенді түрде Қазақстан киберқалқаны» тұжырымдамасын, «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын жүзеге асыруда. 


Astana Hub – білімнің цифрландырылған ғарышы


Бағдарламалау дағдыларынсыз дайын өнімді құру, бизнес-модельді көп шығынсыз сынау, стартапты бірнеше есе жылдам іске қосу және әзірлеушілердің көмегінсіз жасау - әбден мүмкін. 1000-нан астам адам мұны Astana Hub-тың бағдарламалаусыз IT өнімдерін жасау курсының арқасында үйренді. Жақында елордалық технопарк No Code бағдарламасының төртінші легіне өтінімдер қабылдауды жариялады.
No Code - бұл визуалды модельдеу әдісін қолдана отырып, арнайы платформалармен код жазбай, IT-өнімдерді: сайттар, веб- және мобильді қосымшалар жасау тәсілі. Бұл әдістің танымалдылығы барлық процестерді, соның ішінде әзірлемелерді жеңілдету және автоматтандыру үрдісімен түсіндіріледі.
- Қазіргі таңда әзірлеуге бірнеше күн қажет ететін, IT өнімдерін жасау  No Code дағдыларына ие болу ақша табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бірнеше ай бойы бағдарламалау тілдерін үйренудің қажеті жоқ. Astana Hub-тан No Code мектебінде алған білім жалдамалы жұмыста немесе фриланс сайттарында, сондай-ақ жеке IT бизнесте пайдалы болады, - деп Astana Hub басқарушы директоры Абай Абсамет атап өтті.
No Code көмегімен компанияны құрудың сәтті жағдайларының бірі - Bubble платформасында толығымен іске асырылған Comet стартапы. Comet - бұл IT-фрилансерлер мен компаниялар үшін бірыңғай биржа. Жоба орташа айлық табысты $800,000 дейін арттыра алды. Тағы бір стартап - Qoinc қаржы платформасы, ол сәтті масштабталғанына қарамастан, әлі күнге дейін Bubble негізінде толықтай жұмыс істейді.


Әрине, No Code құралдары бағдарламашылардың кәсіби тәсілін алмастыра алмайды. Алайда, бастапқы кезеңдерде - мысалы, MVP (минималды өміршең өнім) әзірлеу кезінде, белгілі бір гипотезаларды тексеру қажет болған кезде, no code құралдары кейбір мәселелерді шешуді едәуір жеңілдетеді және жеделдетеді. Сонымен қатар, стартаптар көбінесе инвестициялық бағдарламалар мен венчурлық қорлар конкурстары тез прототипті қажет ететін жағдайларға тап болады. Мұндай жағдайларда болашақ өнімді өз бетіңізше және қысқа мерзімде тегін сынау тәсілі ретінде No Code көмекке келеді.
Сонымен қатар, Astana Hub-тың Techpreneurs бағдарламасы стартаптарды үздіксіз қолдаудағы икемді бағдарламасының арқасында 2021 жылы 211 қатысушы тәжірибелі сарапшылардан кеңес пен трекинг алып, пайдалы қызметтерді тегін пайдаланды. Ағымдағы жылдың 22 ақпанында елордалық технопарк акселерациялық бағдарламасының кезекті легіне өтінімдерді қабылдау жариялады.


Барлық қатысушылар қосымша ретінде технопарктен PR, коворкингте жұмыс орындарын (орындар саны шектеулі) жалға алу, сонымен қатар, Қазақстанның ең ірі IT-қоғамдастығына кіре отыра, үздік IT-кәсіпкерлермен нетворкинг жасау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, Techpreneurs бағдарламасы аясында Invest Day және Demo Day іс-шаралары жоспарлануда. Онда қатысушылар әлеуетті инвесторлар алдында өз жобаларын ұсына алады.


Киберқауіпсіздік және оның экономикалық салдары


Қазақстан жағдайында кибершабуыл дегенде бірден жыл сайынғы коммерциялық банктерге жасалатын хакерлік шабуылдар еске түседі. Екінші деңгейлі банктердің ақпарттық қауіпсіздік пен қорғаныш қабілетін зерделеген отандық сарапшылар әлі де банктердің кибершабуылдардан қоғану тетіктерін жетілдіру қажеттігін анықтап отыр. Мұндай шабуылдардың салдарынан тек мемлекет қана емес, жеке тұлғалардың да жиі зардап шегіп отырғаны белгілі. Азаматтардың жеке бастарына, отбасына қатысты мәліметтер жиналған түрлі платформаларға жасалған хакерлік зұлым операциялардың салдарынан қолды болып, алаяқтардың қолына түсіп жатады. Мұның барлығы киберқауіпсіздіктің жеке индивид үшін де, қоғам мен экономика үшін де маңызын көрсетеді.


Кейбір жағдайларда киберқауіпсіздік мәселесі жеке мемлекеттің қауқары жетпейтін болғандықтан, бірнеше елдер бұл мәселеде өзара ынтымақтаса әрекет етуге келісіп отыр. Киберкеңістіктегі қауіпсіздік, қылмыспен күрес мәселесінің маңыздылығын ескерген Қазақстан үкіметі 2017 жылы «Қазақстанның киберқалқаны» Киберқауіпсіздік тұжырымдамасын бекітті. Бұл құжат жалпы осы саладағы мемлекеттің көзқарасын, стратегиясын айқындауымен маңызды. Тұжырымдама осыдан кейін қабылданатын құқықтық ережелер мен шешімдерге негіз болып қана қоймай, сонымен қатар ресми терминдер мен анықтамаларды сипаттайды. Осы құжатқа сәйкес «киберқауіпсіздік бұл электрондық нысандағы ақпараттың және оның өңдеу, сақтау, беру (электрондық ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды) ортасының сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерден қорғалу жағдайы, яғни ақпараттандыру саласындағы ақпараттық қауіпсіздік». Берілген анықтама киберқауіпсіздіктің кең танымы екені байқалады.