Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

ШҚО-да жемқорлықпен айналысқан 87 адам жауапқа тартылды

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар саласына жүргізілген бақылау нәтижесінде, мемлекеттік органдар бюджеті 1 млрд теңгеге үнемделген.

ШҚО-да жемқорлықпен айналысқан 87 адам жауапқа тартылды
фото: malim.kz

Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті тіркеген 165 қылмыстың 86 пайызы пара алумен, қызметін асыра пайдаланумен және бюджеттің қаражатын жымқырумен байланысты қылмыстар болған, деп хабарлады baq.kz.

Бұл жайында еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің 2020 жылғы 9 айды қорытындылаған баспасөз мәслихаты барысында айтылды.

"Департаментіміздің 9 айда атқарған жұмысы жақсы, оңды өзгерістерге қол жеткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауға әрі дағдарыс жағдайында қарастырылған қаражаттардың мақсаты бойынша жұмсалуына бақылау жасайтын шараларды күшейттік. Бұл жұмыстарға өңірімізде құрылған мониторинг жасайтын топтар, ақпараттандыру-түсіндіру штабтары және "Адалдық алаңы" жобалық офисі үлесін қосуда", - деді департамент басшысы Ерлан Жалмағамбет.

Оның хабарлауынша, департаменттің жанынан белсенді жастар және дін қызметкерлері енгізілген аймақтық ақпараттық-түсіндіру штабы құрылған. Бұл ұйым қоғамдастыққа сыбайлас жемқорлық саласындағы заңнамаларды түсіндіруді қолға алған. Сонымен қатар, мониторинг жүргізетін топтар мен «Адалдық алаңы» жобалық офисі коронавирус инфекциясымен күресу мақсатында қарастырылған гуманитарлық көмектің бөлінуін бақылап, дәрі-дәрмек бағаларын реттеп отырады.

"Мемлекет аппаратының ашықтығын және есеп беруін анық ету бағытында біз аудандық, қалалық әкімдіктермен бірлесіп, «сервистік әкімдіктерді» аштық. Бұл бастамамыз республикада үлгі етерліктей дәрежеге ие болды. Қазір жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, өңірдің 9 ауыл округінде "сервистік әкімдік" ашылды, сондай-ақ, 232 ауылдық елді мекенде өз-өзіне қызмет көрсететін бұрыштар ұйымдастырылдый", – деп қосты Ерлан Жалмағамбет.

Айшық бюджеттің интеракивті картасының аясында облыстағы мемлекеттік ұйымдардың жалпы мөлшері 811 млрд теңгелік бюджеті жария болды. Сонымен қатар, ел азаматтарының аталмыш бағыттағы сауатын көтеру және әлеуметтік әлсіз топтарды толғандырған мәселелері бағытында құқықтық қолдау мақсатында "Адал көмек" жобасы жүзеге асырылуда.

2020 жылдың басынан бері 11 рет мониторинг ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар саласына жүргізілген бақылау нәтижесінде, мемлекеттік органдар бюджеті 1 млрд теңгеге үнемделді.

"Биыл департамент 165 қылмысты тіркесе, олардың 86%-ы жемқорлыққа байланысты болды. Өстіп 87 азамат жауапқа тартылды", – деді департамент басшысы.