Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Шымкентте вагондар аударылып, 15 пойыз қаңтарылып қалды

Бүгін түнде №117 бағытындағы 13 вагонның жолдан шығып кеткені мәлім болды.

Шымкентте вагондар аударылып, 15 пойыз қаңтарылып қалды
фото: facebook.com

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасына Шымкент қаласының теміржол станциясында 13 вагон жолдан шығып кетіп, аударылып қалғанын жазды, деп хабарлады paryz.kz.

"24 қазанда сағат 02.31-де Шымкент қаласының теміржол станциясында №117 бағытындағы 13 вагон жолдан шығып кетіп, аударылды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның себептері анықталуда", - деді ресми өкіл.

Мәлім етілгендей, барлығы жылжымалы құрамға 21 вагон тіркелген, барлығы бос болған.

"Оқиға басқа пойыздардың қозғалысына әсер етті. Алдын ала мәлімет бойынша, 5 жолаушылар және 10 жүк пойызы тоқтап тұр. Қазіргі уақытта жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. "ҚТЖ" АҚ-ның 200 қызметкері, Шымкент, Арыс және Тараз станциясынан қалпына келтірумен айналысатын 3 пойыз жұмылдырылды", - деді Т.Уәли.

Оқиға орнында Шымкент қаласы ТЖД 6 қызметкері және 3 техника, Шымкент станциясы Ішкі істер желілік полиция бөлімінің 10 қызметкері және 1 техникасы жұмыс істеді.

Талғат Уәлидің соңғы жазбасында қазір пойыз қозғалыстарының қалпына келтірілгені хабарланды. Атап айтқанда, апат салдарынан:

1. Шымкент станциясында Ақтөбе-Алматы №34 жолаушылар пойызы 9 сағатқа, Қызылорда-Петропавл №76 пойызы 7 сағатқа;

2. Қорғасын станциясында Қызылорда-Көкшетау №56 жолаушылар пойызы 5 сағатқа;

3. Қызылсай станциясында Алматы-Ақтөбе №23 жолаушылар пойызы 8 сағатқа;

4. Манкент-2 станциясында Алматы-Шымкент №11 жолаушылар пойызы 5 сағатқа, Нұр-Сұлтан-Сарыағаш №85 пойызы 1,5 сағатқа;

5. Састөбе станциясында Алматы-Ақтөбе №33 жолаушылар пойызы 1 сағатқа кешікті.

Қозғалысы кешіктірілген пойыздарда 1 393 жолаушы болған. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар Шымкент қаласына жолаушыларды тасымалдау үшін 5 шағын автобус пен 2 автобус ұйымдастырды.