Онлайн сотқа АҚШ-та отырып қатысқан Серікжан Біләш бұл шағымды орынсыз деп санайтынын білдірді.
Алматы қаласы Алатау аудандық соты қоғам белсендісі Серікжан Біләшқа іздеу жариялау туралы осы ауданның пробациялық бақылау қызметі түсірген шағымды қарап, қанағаттандырмай тастады деп хабарлайды Paryz.kz, "Азаттық радиосы"-на сілтеме жасап.
Алатау аудандық пробациялық бақылау қызметі бұған дейін Серікжан Біләшті іздеу жариялау туралы сотқа шағым түсірген болатын.
Оқи отырыңыз: Серікжан Біләшқа іздеу жариялануы мүмкін
Онлайн сот отырысында Алматы қаласы Алатау аудандық пробациялық қызмет өкілі "Серікжан Бияш Қылмыстық атқару кодексінің 74-бабы ("Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаны өтеу шарттары") негізінде көрсетілген талаптарды орындамағанын, яғни белсендінің мекен-жайын рұқсатсыз ауыстырғанын, шетелге ескертпей кеткенін және әр тоқсан сайын пробациялық бақылау қызметіне есеп беруге тиіс екенін" айтты.
Онлайн сотқа АҚШ-та отырып қатысқан Серікжан Біләш бұл шағымды орынсыз деп санайтынын білдірді. Оның қорғаушысы Шынқуат Байжановтың сөзінше, "Алатау аудандық пробация бақылау қызметі қателесіп отыр. Өйткені Әуезов аудандық соты 2019 жылы тамыз айында шығарған үкім бойынша Серікжан Біләштің бас бостандығы алты айға шектелген, бірақ сотқа дейін 3 ай қамауда отырғаны ескеріліп, шектеу мерзімі 3 ай 12 күнге қысқарған. Тек сол уақытта ғана ол пробация қызметіне барып тіркелуге міндетті".
Серікжан Біләш 3 ай 12 күннен кейін пробация бақылауынан шықты. Сот үкімінде "7 жыл қоғамдық ұйымға басшылық етуіне болмайды" деген де шешім бар. Пробация бақылауы оны да тексереді. Бірақ Серікжан Біләш 3 ай 12 күн шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін Қазақстаннан шетелге кетіп қалды. Оның әлдебір ұйымға жетекшілік ете алатынын, не жетекшілік ете алмайтынын өзі жүрген елдің заңы қарайды, - деді Шынқуат Байжанов.
Шыңжаңдағы қазақтардың қысымға ұшырау мәселесін көтеріп, олардың құқықтарын қорғаумен айналысқан, тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” ұйымының жетекшісі Серікжан Біләш құқық қорғау органдарынан қысым көргенін айтып, Қазақстаннан кеткен болатын.
Кейін "Азаттыққа" берген сұхбатында "елден кетуіме осы екі қылмыстық істің қозғалуы да түрткі болды" ("Әлеуметтік алауыздық қоздыру", 174-бап және "Өзінше билік ету", 389-бап) деп мәлімдеген.
Бұған дейін оның үстінен қозғалған екі қылмыстық істің біреуі тоқтатылғаны хабарланған.
Белсенді 2019 жылы Қылмыстық кодекстің 174-бабы ("әлеуметтік алауыздық қоздыру") бойынша айыпталып, процессуалдық келісімнен кейін босатылған. Сот оны 7 жыл қоғамдық ұйымға жетекшілік етуге тыйым салған.