Прямая трансляция

Астана

Астана

-14.03°C

Серікжан Біләшқа іздеу жариялануы мүмкін

“Атажұрт еріктілері” жетекшісі Қазақстанның құқық қорғау органдарынан қысым көргенін айтып, былтыр қыркүйек айында елден кеткен болатын.

Серікжан Біләшқа іздеу жариялануы мүмкін
фото: Reuters

Шыңжаңдағы қысым туралы айтып жүрген белсенді Серікжан Біләшқа Қазақстанда іздеу жариялануы мүмкін. Алатау ауданының пробация қызметі соттан белсендіге іздеу жариялауды сұрап отыр деп жазады "Азаттық радиосы".

Ұсынысты енді ғана беріп жатыр. Сот шешеді. Әзірге адвокатты тағайындау туралы қаулы шықты. Іздеу мәселесі 14 желтоқсанда қаралады, – деді Азаттық тілшісіне 8 желтоқсанда Алатау аудандық сотының қызметкері Зухра Акрамова.

Адвокат Шынқуат Байжанов құжаттармен танысқаннан кейін жауап беретінін айтты.

Ал қудалаудан сескеніп, былтыр Қазақстаннан кеткен, қазір АҚШ-та тұратын Серікжан Біләш Азаттық тілшісіне "мұның бірнеше себебі болуы мүмкін" деп топшылайды.

Өз басым, бұл биліктің тағы бір мәрте халықты үркітіп қорқыту үшін жасап отырған дүниесі деп ойлаймын. Бұлар мені азаматтықтан айыруы мүмкін. Бұл бірінші көзқарасым. Екінші, бұлар Батысқа жақ атысып, 2021 жылдың 21 қаңтарында яғни, мен Америкаға келген күннің ертесінде 2020 жылы қозғалған екінші реттегі 174-бап қылмысын жойып, күшінде қалдырған сияқты екінші қылмыстық істі ("заңсыз иелік ету")де күшінен қалдырып, (жойып – ред.) сол арқылы "Серікжан Қазақстанда қудалау көрмеді" деген жалған бейнені батысқа көрсеткісі келетін сияқты, – деді.

Шыңжаңдағы қазақтардың қысымға ұшырау мәселесін көтеріп, олардың құқықтарын қорғаумен айналысқан тіркелмеген “Атажұрт еріктілері” жетекшісі Серікжан Біләш Қазақстанның құқық қорғау органдарынан қысым көргенін айтып, былтыр қыркүйек айында елден кеткен болатын. Кейін Азаттыққа берген сұхбатында "елден кетуіме осы екі қылмыстық істің қозғалуы да түрткі болды" ("Әлеуметтік алауыздық қоздыру", 174-бап және "Өзінше билік ету", 389-бап) деп мәлімдеген. Ол "құзырлы органдар қылмыстық істерді қысқартып, қудаланбайтынына көзі жеткенде" ғана елге оралатынын айтқан. Бірақ қайда жүрсе де, Шыңжаңдағы қысым жайлы ақпарат таратуын тоқтатпайтынын жеткізген.