Прямая трансляция

Астана

Астана

-10.03°C

Жаңаөзендегі қондырғылары әбден тозған газ өңдеу зауыты жабылуы мүмкін

Ал бұл үшін 350 млн АҚШ доллары қажет.

Жаңаөзендегі қондырғылары әбден тозған газ өңдеу зауыты жабылуы мүмкін
фото: видеодан скриншот

Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты жабылу алдында тұр. Онда қондырғылардың 90 пайызы әбден тозған деп хабарлайды Paryz.kz"Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Мамандар қолда барын жамап-жасқап, әлекке түсуде. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – жаңа зауыт тұрғызу. Ал бұл үшін 350 млн АҚШ доллары қажет. Қазір инвестор іздестіріліп жатыр.

Сұйытылған газ цехқа 0,5 атмофералық қысыммен келеді. Осы жерде 30-ға дейін көтеріледі. Мұндай жұмысты атқаратын 15 қондырғының қазір тек 4-уі ғана жұмыс істеп тұр.

Газ өңдеу зауыты 1973 жылы іске қосылған. Жергілікті кеніштерде мұнаймен ілесе шығатын газды күкірттен тазалап, көлік отыны ретінде литрін 30-35 теңгемен сатып отыр. Тәуелсіздік жылдары кәсіпорын мүлдем күрделі жөндеу көрмеген.

Қолдану мерзімі әлдеқашан өткен бөлшегін ауыстырайын десең оңайлықпен табылмайды. Ең тиімдісі - жаңа зауыт салу, - дейді мамандар.

Жер учаскесі бар қасымызда. Осының орнына жаңадан зауыт салынады. Қазмұнайгаз компаниясымен бірге 2018 жылдан бері техникалық-экономикалық негіздемесі дейді. Сондай жұмыстары жүріп жатыр. 2024 жылға қарай іске қосылады деген есеп бар, - дейді зауыттың бас инженері Болат Байшуақов.

850 қызметкері бар зауыт айына 14 мың 500 тонна сұйық отын өндіреді. Ал облыс тұрғындарының автогазға сұранысы 18 мың тоннаға жуықтайды. Кәсіпорын бұл сұранысты орындауға дайын. Тек шикізат уақытында келсе болғаны. Дайын өнімді автогаз бекеттеріне тасымалдаумен 9 компания айналысады.

Қазіргі таңда облыс бойынша 300 жанармай бекеті сұйытылған газды алып отыр. Электронды сауда алаңдары арқылы сатылып алынады. Екіншісі, жергілікті деңгейде комиссия бар. Сол комиссияға сәйкес бөлініп, беріліп отыр. Қазан айында электронды сауда алаңы арқылы сату көрсеткіші 65 пайызды құрайды. Қараша айында 70, желтоқсанда 75. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап газ сату толықтай электронды сауда алаңы арқылы сату жүзеге асырылады, - деп түсіндірді облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.

Осылайша зауыттан шығатын автогазды сұйық отынқұю бекеттеріне жеткізіп жүрген делдал компаниялардан құтыламыз деді билік өкілі. Биыл да Маңғыстау өңірінде көлік газының бағасы 10-15 теңгеге қымбаттады. Ақтаудан ең алыс аудан Бейнеуде литрі 75 теңгеден, қалған елді мекендерде 60-65 теңгеден сатылып жатыр.