Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Қазақстанға оралғымыз келеді": Ауғанстан қазақтары үндеу жолдады

Келуге құлықты көпшіліктің қолдарында паспорты жоқ.

"Қазақстанға оралғымыз келеді": Ауғанстан қазақтары үндеу жолдады
фото: видеодан скриншот

Ауғанстандағы этникалық қазақтар Қазақстанға оралғымыз келеді деген бейнежазбалар таратып, үкіметтен әлі көмек сұрап жатыр. Олардың елге ертерек көшіп келген туыстары да ет-жақындарына елеңдеп отыр. Ал Ауғанстандағы қазақтардың Отанына оралуына ең басты кедергі – шет елге шығатын төлқұжаттың жоқтығы. деп хабарлайды Paryz.kz, 31 телеарнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Сөздерінше, құжат жасатудың құны қымбат. Оның үстіне қазіргі ауған билігін қолына алған тәліптер шет елге шыққысы келетіндердің құжатын рәсімдеуге асықпайды екен. 

Ауғанстаннан елге оралғымыз келеді деген этникалық қазақтардың бір тобы Мазари Шариф қаласында тұрады. Қазақстандағы туыстарымен хабарласып отырған олар қалай болса да, елге жетіп алсақ деп армандайды. 

Біз осы Ауғанстанда қалып кеткенбіз. Енді осындай жағдай болып жатыр. Елімізде ұрыс болып жатыр. Құдай қаласа, бізді де інілеріміздің қасына алып барса деген ниетіміз бар, – деді Ауғанстан азаматы Сауқым Сәденұлы. 

Ауғанстанның Герат қаласында туып, жиырма бес жасында елге оралған Мұхамед Құрбан ет жақындарының әлі де сонда қалып қойғанын айтады. Өмірден өткен ағасының бала-шағасы, жеңгесі сонда тұрады. Басқа қазақтар да аз емес. Келуге құлықты көпшіліктің қолдарында паспорты жоқ. Жасату қыруар қаржы болғандықтан он адамы бар үлкен отбасы үшін қол жетпес арман дейді. 

Сыртқа шығуға оларда төлқұжат жоқ. Бір паспортқа 200 АҚШ доллары кетеді. Егер бір отбасыда он бас жан болса, он паспорт алса, екі мың доллар шығады. Ол 2 000 доллар ол ағайындарда жоқ. Олардың жейтін наны жоқ. Екі мың долларды қайдан табады, – дейді Түркістан қаласының тұрғыны Мұхаммед Құрбан.   

Ауғанстаннан елге ертерек оралғандар этникалық қазақтар Шибарған, Герат, Пули-Хумри, Калайи-Нау, Ташкурган қалаларында да бар деп отыр. Ал Сыртқы істер министрлігінен қолдарында құжаты жоқ ауған азаматтарын елге жеткізу мәселесі туралы ақпарат алу мүмкін болмады.