Прямая трансляция

Астана

Астана

-12.03°C

"Астық шіріп кетейін деп тұр!": Диқандар дабыл қағып жатыр

Жергілікті билік өкілдері тапшылық құзырлы министрлік енгізген жаңа жүйемен байланысты деп отыр.

"Астық шіріп кетейін деп тұр!": Диқандар дабыл қағып жатыр
фото: ашық дереккөз

Павлодар облысында 5 мың тоннадан астам астық шіріп кетуі мүмкін деп хабарлады Paryz.kzАстана телеарнасына сілтеме жасап. 

Өйткені өңірде бидай кептіретін қондырғыларға құятын газ тапшы. Соның салдарынан диқандар жаз бойы баптаған өнімін қамбаға құя алмай отыр.

Қамбада 5 мың тоннадан астам астық жатыр. Егер бір аптаның ішінде бұл мәселе шешілмесе, қаншама бидайымыз шіріп кетейін деп тұр. Сондықтан құзырлы органдардан көмек сұраймын. Бидайды жоғалтсақ нансыз қалуымыз мүмкін. Ал шіріп кеткен астықты малдың өзі жемейді, - дейді диқаншы Николай Миллер. 

Қазан айында Павлодар мұнай зауыты жоспарлы жөндеуден өтеді. Сондықтан бұл мәселенің жақын күндері шешіле қоюы екіталай. Ал шіріген бидайды диқандар қоқыс алаңына жібергеннен басқа амал жоқ деп отыр. 

Солтүстік Қазақстанда да тура осындай жағдай орын алған. Өңірдегі ірі диірмендер осымен екі аптадан бері аулада жатқан дымқыл бидайды кептіре алмай әуре. Дизельдік отын жетіспеген соң ұн фабрикалары газға көшкен еді. Енді сұйық отынның бұл түрі де тапшы болып тұр.

Диірменнің коммерциялық директоры Таисия Колегованың айтуынша, бидай қырман басынан дымқыл қалпында келеді. Оны тез арада кептіріп, өңдеу керек. Жаңбыр жауса, жағдай одан бетер ушығайын деп тұр.

Жергілікті билік өкілдері тапшылық құзырлы министрлік енгізген жаңа жүйемен байланысты деп отыр. Энергетика министрлігі күні бүгінге дейін аймақтарға көгілдір отынды тапсырысқа сәйкес үлестіріп келген. Енді жаңадан енгізілген жүйе бойынша олар елдегі сұйытылған газдың 40 пайызын квотамен беріп, қалғанын электронды биржаға шығарған.

Солтүстік Қазақстан облысы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының бөлім басшысы Ерлан Қайырбековтың айтуынша, газбен қамту компаниялары электронды сауда-саттық кезінде өнімді сатып алуға үлгермей қалды.

Сондықтан оларда газ тапшылығы пайда болды. Біздің аймақ ай сайын газдың 5800 тоннасын тұтынады. Қазір өнім таусылып бара жатқандықтан, біз энергетика министрлігінен қосымша 1,5 мың тонна сұрадық. Құзырлы орган бізге бұл көлемді бірден бөлді, - дейді ол.

Шенеуніктердің айтуынша, аймақтық газ операторлары салғырттық танытпай электронды алаңда өнімге бірден тапсырыс берсе, газ тапшылығы болмайды.

Алайда цифрлық форматтың кемшіліктері жайында ешкім ойламаса керек. Осы қарбалас кезеңде сұйытылған газдың бағасы тағы шарықтап, 93 теңгеге  жеткен.