Прямая трансляция

Астана

Астана

-18.03°C

Ақтауда шырша мен жеміс дәмі бар ешкі сүтіне сұраныс артқан

Фермердің ендігі жоспары - түлік басын көбейтіп, өзге аймақтарды да экологиялық таза өніммен қамту.

Ақтауда шырша мен жеміс дәмі бар ешкі сүтіне сұраныс артқан
фото: ашық дереккөз

Ақтаулық фермер Руслан Жинкин 40-тан астам ешкі бағып, сүтінен сарысу, ірімшік, йогурт жасап, саудалап отыр. Шағын кәсіпорында 6 адам жұмыс істейді. Былтырдан бері алма, шырша дәмі шығатын ешкі сүтін жергілікті базарларға жеткізіп келеді. Биылдан бастап апельсин, мандарин, банан секілді экзотикалық жеміс-жидекті күнделікті мал жеміне қосып бере бастаған, деп хабарлады paryz.kz, "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.

Фермер Руслан Жинкин күнделікті берілетін жемге цитрус жемістері қосылғалы бері ешкілердің сүтті молырақ бере бастағанын байқапты. Аша тұяқты үй жануарлары әсіресе апельсин, мандаринді сүйсініп жейді екен. Алма мен шырша бүршігін өткен жылдан бері тұрақты беріп отырғанын айтады. Нәтижесінде дәмі өзгеріп, сүттен жеміс-жидектің иісі шыға бастапты. Сол себепті, тұтынушылардан сұраныс артқан.

"Жаңа жыл мерекесінен соң шырша, самырсын ағашын қоқысқа тастамай, ешкілерге беріп көрдім. Сүйсініп жегенін көріп, арнайы сатып ала бастадық. Көп ұзамай, тұтынушыларымыз ешкі сүтінен шырша дәмінің шығатынын айтып, жиі тапсырыс бере бастады. Апельсин жей бастағасын сұраныс тіптен артты", - дейді шаруа қожалығының иесі.

Жеке кәсіпкер Руслан - Тараз қаласының тумасы. Мал шаруашылығына жастайынан араласқан. Асыл тұқымды ешкі өсіру ойы Ақтауға келгесін жүзеге аса бастапты. Қала іргесіндегі шаруашылықта занен, англо-нубиялық түрлері бағылады. Шөптің шүйгінін, судың тазасын ішетін талғампаз түліктің әрқайсысы жылына кемінде 3-4 лақ туады.

"Бұл ешкілер күніне екі мезгіл сауылады. Таңертең және кешке әрқайсысынан 2 литрден көп сүт аламыз. Майлылығы 6-7 пайыздан аспайды. Өз кезегінде жаңа туған сәбилердің денсаулығына аса пайдалы. Өздігінен бала емізе алмайтын немесе емізуден арылуды ойлап жүрген аналарға да жеткізіп беріп отырмыз", - дейді ешкі фермасының қызметкері Хасан Разуметов.

Ешкі фермасы орта есеппен тәулігіне 150 литрдей сүт алады екен. Яғни ірімшік, сүзбе, сарысу, йогурт әзірлеуге жеткілікті. Фермердің ендігі жоспары - түлік басын көбейтіп, өзге аймақтарды да экологиялық таза өніммен қамту.